Қазақстанның жауабы: Біз Ресей жағына шықпаймыз!

Қазақстан Ресей-Украина соғысынан сабақ алып, өз әскерінің дайындығына көңіл бөле бастады. Бүгінгі Сенат отырысынан шыққан Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиновтың журналистерге берген жауабынан осыны түсіндік.


1637126845_2019101811281888016_maxresdefault.jpg


«Біз Украинадағы соғысты талдап, тиісті қорытынды шығарамыз. Қазақстан Қарулы күштерінің жауынгерлік дайындық бағдарламасына түзету енгіземіз»,-дегенді айтты вице-министр.


Оның айтуынша, біріншіден, елімізде ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондар) операторларымен жиын өткізіліп, мұқият дайындық басталған. Бүгінде әскери қақтығыс кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары барлауда және шабуыл жасауда қолданылып жатыр. Екіншіден, артиллерия. Зымыран әскерлерінің жиі қолданылатын жауынгерлік дайындығына да басымдық берілген.


Сұлтан Камалетдинов қару-жарақ пен әскери техниканы мемлекеттік сатып алу бойынша тиісті жоспар бар екенін және биыл Қазақстанның әскери бюджеті өскенін атап өтті.


«Қару-жарақ пен әскери техниканы мемлекеттік сатып алу бойынша тиісті жоспарымыз бар. Әрине, отандық өндірушіге, қару-жарақтың жаңа түрлерін сатып алуға басымдық беріледі. Былтыр бізге жаңа ұшақтар жеткізілді. Сонымен қатар, әуе қорғанысы жүйелері және басқа да құралдар сатып алынды», - деді вице-премьер.


Сондай-ақ Сұлтан Камалетдинов Ресей-Украина соғысында біз еш тараптың жағына шықпайтынымызды айтқан болатын. Ол Қазақстан президентінің бұған дейін соғысқа қатысты нақты позициясын білдіргенін атап өтті.


«Бұл расында да біздің бауырлас халықтардың трагедиясы. Бірақ біз олардың бір жағына шығуды ойымызға да алмаймыз. Ресей тарапы бізге көмектесіңдер деп жүгінген емес. Бұл – солардың қақтығысы», - деп түйді Камалетдинов.



Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар