Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин ТМД-ға кіретін Орталық Азия елдеріне Батыспен диалогта «өте сақ болыңдар» деп ескертіпті, ТАСС-қа берген сұхбатында.
«Біз және біздің орталық азиялық достарымыз Американың «сауапты істерінің» арты неге әкеп соқтыратынын білеміз. Мысалы, АҚШ-тың таяудағы ауған эпопеясы немен аяқталды? Хаоспен, қираумен бітті. Әлемде Вашингтонның демократиялық тәжірибелеріне енді орын жоқ, оның арты ең құрығанда түсті революциямен аяқталады»,-деді Галузин.
Оның айтуынша, Орталық Азия елдері АҚШ-пен байланыс орнатқанда барынша абайлауы керек.
«Орталық Азия мен ТМД елдерінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі, ең алдымен, біздің мемлекеттеріміздің мойнында. Оған жоғарыда аталған ниеті күмәнді алыстағы ел араласпауы керек»,-дейді ол.
Галузин Орталық Азия елдерінің тыныштығын қорғайтын ТМД, ҰҚШҰ сияқты ұйымдарымыз бар екенін еске салыпты.
Ол, әрине, қаңтар оқиғасы кезіндегі Ресейдің атқарған «ерекше рөлін» айтуды да ұмытпады.
«Қазақстанда болған қаңтар оқиғалары кезінде Ресейдің шешуші рөлінің арқасында ҰҚШҰ бітімгерлері жылдам әрі кәсіби әрекет етіп, Қазақстанның заңды үкіметіне қысқа мерзім ішінде конституциялық тәртіпті қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бұл ҰҚШҰ-ның тиімді екенінің ең жақсы дәлелі», - деді ресейлік дипломат.
Mezgil.kz