Блинкеннің Қазақстанға келуі. Мәскеудің мазасы қашты

Бүгін Астанаға АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ресми сапармен келді. Ол елордада өтетін Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы істер ведомстволары басшыларының С5+1 форматындағы министрлік кездесуіне қатыспақ. Кездесуде Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы экономика, энергетика, қоршаған ортаны қорғау және лаңкестікпен күрес салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау жоспарланып отыр.


tokaev-blinken.jpg


Блинкен Қазақстанға келген бойда Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен жолықты. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды.


Мемлекет басшысы америкалық саясаткерге ілтипат білдіріп, екі елдің қарым-қатынасының сәтті жолға қойылғанын атап өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.


– Сіздің сапарыңыз стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қауіпсіздік, энергетика, сауда және инвестиция секілді маңызды стратегиялық салалардағы сенімді әрі ұзақмерзімді серіктестік қатынастарымыз өте жақсы. Сондықтан біз бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Құрама Штаттардың тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізді тұрақты түрде берік қолдап келе жатқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді, – деді Президент.


Президенттің айтуынша, АҚШ осы уақытқа дейін Қазақстанға 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған.


Қасым-Жомарт Тоқаев Американың С5+1 форматындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ниетін құптады.


Өз кезегінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді.


– 30 жылдан астам уақыт ішінде қол жеткізген елеулі табыстарды екіжақты деңгейде дамыту, серіктестігімізді тереңдету және нығайту маңызды. Тек соңғы жылдары біз осы бағытта маңызды әрі жаңа жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің қарым-қатынастарымыз берік және байланыстарымыз күшейе түседі. Біз осы бағыттан айнымаймыз. Сонымен қатар бүгін Астанада Орталық Азиядағы серіктестердің басын қосқаныңыз үшін Сізге және Сіздің ұжымыңызға алғыс айтамыз. Әріптестеріміз – сыртқы істер министрлерімен бірге аймақты біріктіруге бағытталған берік әрі тығыз қарым-қатынас жасау, нақты мәселелерге назар аудару жөніндегі жұмыстарға атсалысамыз деп үміттенемін. Бұл Орталық Азия халықтары мен Америка Құрама Штаттарына пайдалы болады деп ойлаймын. Біз ең жоғары деңгейде өзара іс-әрекет жасауға ниеттіміз. Мен осында келгеніме және ынтымақтастығымызды нығайтуға өз үлесімді қосқаныма өте қуаныштымын, – деді Энтони Блинкен.


Сонымен қатар Америка дипломаты Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерге жоғары баға берді.


Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джо Байденге жүрекжарды сәлемін жолдады.



Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар