Бүгін АҚШ Мемхатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға келді. Анығы кеше түнде ұшағы Астанаға қонды. Бұл үлкен саяси мәнге ие және геосаяси турбуленттік әлемде, әсіресе Еуразия кеңістігінде күшейген сәтте болып отырған маңызды оқиға десе болады.
4 күн бұрын Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бір жыл болды. Ал төрткүл дүниені билеп тұрған АҚШ Орталық Азияға бас дипломатын жіберді. Орталық Азияның маңызы қазір артып тұр.
Енді кездесуде не айтылды?
1) Блинкен Қазақстанның Украинаға қатысты позициясын қолдайды. Әрине, Ресейге қарсы дауыс бере алмайтынымызды түсінеді. Шекара ортақ, аз халық, ортақ экономикалық кеңістік пен ҰҚШҰ…айта берсе көп. Оның барлығын Блинкен түсініп отыр, ал Блинкеннің түсінгені, қолдағаны керек бізге. Біз Украинаға қарсы басқыншылықты қолдамаймыз, БҰҰ жарғысындағы аумақтық тұтастықты қолдаймыз.
Блинкен Орталық Азия елдерінің ішінде жалғыз Қазақстанның басшылығы Зеленскиймен тікелей байланыс ұстап отырғанын да жоғары бағалайтынын айтқан. Бұл да маңызды.
2) Қазақстанға ешқандай да санкция салынбайды, себебі де жоқ. Ол тіпті талқыланбайды. Бұл да жақсы. Кең тыныстауға мүмкіндік.
3) Ең маңыздысы - инвестиция. Осы уақытқа дейін АҚШ бізге 62 млрд доллар инвестиция құйыпты. Биылдан бастап инвестицияны көбейтеміз дейді. Инвестиция дегеніміз ақша, халыққа жұмыс, технология деген сөз. Және Батыс пен АҚШ инвестициясының көп болуы Ресейдің экономикамыздағы тым басымдығын азайтып, балансты теңестіруге мүмкіндік береді.
Қысқасы, қазіргі геосаяси ахуалда державалар Қазақстанмен жақсы байланыста болуды көздеп отыр. Енді тек барлығымен достық қатынасты сақтап қала алу керек. Ол өте маңызды. Ол - дау-жанжалдың алдын алатын бағыт. Сондықтан елші, дипломаттарымызға үлкен миссия жүктеліп тұр!
Mezgil.kz