Өткен жұма күні Иран мен Сауд Арабиясы дипломатикалық байланысты қалпына келтіретіндерін жариялады. Екі мұсылман елінің қайта татуласуына Қытай тарабы мұрындық болған.
Екі тарап Бейжіңде төрт күн құпия келіссөздер жүргізген. Иран тарабының мәліметінше, екі тарап жеті жылдан бері үзілген байланысты қайта орнатады. Алдағы екі айда екі ел астанасынан елшіліктер ашады. Сол арқылы сауда, инвестиция, мәдени қарым-қатынастарды дамытпақ.
2016 жылы Сауд Арабия билігі шииттік бағыттағы ғұламаны дарға асқаннан кейін, оған қарсы Иран халқы өре түрегеліп, Сауд Арабияның Теграндағы елшілігін өртеп жіберген еді. Онсыз да шатқаяқтап тұрған екі елдің қатынасы сол оқиғадан кейін бір жолата үзілген.
Сауд Арабиясы мен Иранның қайшылығының тамыры тереңде жатқаны жұртқа мәлім. Мәдени жақтан Иран парсы өркениетіне уәкілдік етсе, Ал Сауд Арабиясы араб мәдениетінің ошағы. Алауыздықтың түп негізі мұсылман екі елдің екі бағытты: Иран – шииттік, Сауд Арабия – сунниттік жолды ұстануында жатса керек.
Ықпалды екі мұсылман ел өзін аймақта, Орта Шығыста ғана емес, 1,9 миллиард мұсылман жамағатының лидері санайды. Араб әлемінің тұрақсыздығына бір-бірін кінәлайды. Иран Сауд Арабияны «Ислам мемлекеті ұйымын қаржыландырады» деп айыптаса, Сауд Арабия Иранды «аймақтың тышыштығын бұзатын террористік тор құрды» деп жазғырады. Сауд Арабия Израильмен ресми дипломатиялық байланыс орнатпағанымен, құпия келісімдер арқылы әскери, сандық технология алып келген. Сондай-ақ, АҚШ-пен одақтасып, Батыс елдерін Иранның атом қаруын жасауының алдын алуға белсенді үндеп келген. Осы жолы да Бейжіңге баратындарын Ақ үйге алдын ала ескерткен екен.
Таяу Шығыстың, жүйеден, әлемнің тыныштығына әсер етіп келген Иран мен Сауд Арабияның рақайласуын сарапшылар күтпеген оқиға болды дейді. Ол Американың әлемдік геосаяси ортадағы рөлінің әлсіреп, Қытайдың күш алып келе жатқанының нақты көрінісі болмақ.
Былтыр Байденнің Сауд Арабияға жасаған сапарында Патша мұрагері мұнай көлемін өсіруге келісіп, артынан Қытай төрағасы барған соң айнып кеткен еді. Сол жолы екі ел мұнай айырбасын юанмен жүргізу жайында талғылаған.
Қытайдың бұның алдында әлемнің бейбітшілік жарғысы мен Украина Ресей қақтығысын бейбіт шешу қарарын ұсынғаны белгілі. Оны Батыс елдері нақты мазмұннан тайсақтаған деп сынға алғанымен, өзара араз екі мұсылман елді татуластыруын үлкен жеңіс деп бағалап отыр.
Парсы шығанағындағы екі сәлделі ел тыныш болса, Украинаға көмек беріп, Ресей, Қытаймен айтысып жатқан Америкаға да пайдалы екен. Ал Израиль Сауд жағында қала бермек. Қытайдың екі мұсылмен елді рақайластырудағы мақсаты түптеп келгенде экономикалық мүддеге байланысты екен. Қытайдың екі елден алатын энергия шикізаты жалпы импорт көлемінің 40 пайызын құрайды екен. Демек Қытай Парсы шығанағының тыныштығына мүдделі деген сөз.
Есбол Үсенұлы
Mezgil.kz