Путиннің «жоспары» күйреді

Британдық «The Economist» басылымы Путиннің билігін Романовтар патшалығының саяси режимімен ұқсатты. Себебі, Путин Ресей басшылығына келгелі «орыс жерінің коллекционері» ретінде танылды.

32636aa-7784bf0-putin-getty4.jpg

Кеңес Одағы ыдыраған соң, аға ұрпақ екінші КСРО-ның туғанын күтті, оның жандануынан үмітті болды. 2014 жылы Қырымды аннекциялағаннан кейін, Путиннің «Ресей жерін қайтарушы» атағы одан әрі таныла түсті. Ол тіпті кезінде Қырымды Ресейге қосқан князь Потемкин секілді «Таврида князі» деп атала бастады.

Естеріңізде болса, КСРО құрамына 15 одақтық республика кірді. Ал егер «КСРО-ны қайта қалпына келтіру» шынымен де жаңа «императордың» ауқымды жоспарларының бірі болса, онда ол тек Қырыммен шектелмейтіні анық.

Украинадағы саяси биліктің ауысуы Ресей билігін шара қабылдауға итермеледі. Өйткені Януковичтің орнына келген Порошенко, кейінірек Зеленскийдің командасы Украинаның саяси даму бағытын Батысқа бағыттады. Сондықтан да  Украина «КСРО елдерін қайтарудың» алғашқы тізімінде деген болжам жасай аламыз.

2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда өте шиеленісті жағдай туындады. Қасым-Жомарт Тоқаев Украинада болып жатқан оқиғаларды бақылап, Қазақстан аумағында басқа мемлекеттің әскерлерінің болуы қандай нәтижеге әкелетінін түсіне отырып, ҰҚШҰ әскерлерін әкеліп, тез шығаруға барынша саяси күш салды деп тұжырымдауға болады.

Соңғы бірнеше айда Молдова мен Грузиядағы жағдай ушығып кетті. Себептер әртүрлі айтылғанымен, ортақ нәрсе әлі де байқалады. Екі елдің жағдайында да «орыс ықпалы, орыс қысымы» туралы жиі айтылады. Грузияда шетелдік агенттер туралы заңды айта бастаған кезде, «орыс қысымы» деген пікір аталды. Ал Молдовада ресейшіл «Шор» партиясы мүшелерінің ұсталғаны туралы айтып жатыр. Молдовадағы оқиғалардың немен аяқталатынын болжау оңай емес. Оның үстіне қазір дүние жүзінің барлық дерлік елдері Ресейдің әрекетін мұқият бақылап отыр.

Егер Путиннің шынымен де бұрынғы КСРО-ны жаңғырту ойы бар десек, онда жоспары кері нәтижеге бастап барады. Демек, Ресей президентінің «ресейлік жерлерді жинау» жоспары күйреді.


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар