Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау басталды

Бүгін учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыс санауды, дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауды бастайды.

1677498873_news_b.jpeg

Қазақстан азаматтыр өмір сүретін шет мемлекеттерде 77 сайлау учаскесі ашылған. Уақыт белдеуіне байланысты кейбір шет мемлекеттерде дауыс беру бізден ерте басталады. Шетелдегі сайлау учаскелері: Еуропа, Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Қытай, Корея, Үндістан сынды бірқатар мемлекетте ашылды.

Бұл жолы дауыс санау процедурасы ұзаққа созылады. Себебі бюллетеньдер саны әдеттегіден көп. Бірақ, заң бойынша дауыстарды санау 12 сағаттан аспауы тиіс. Дауыстарды санау барлық сайлау учаскелерінде таңғы 8:00-де аяқталады.

Республикалық маңызы бар қалаларда (Астана, Алматы және Шымкент) дауыс беру төрт бюллетень бойынша саналады. Оның екеуі Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау және екеуі – мәслихаттар бойынша. Ал 17 облыста дауыс беру бес сайлау бюллетені бойынша өтпек. Оның екеуі Мәжіліс бойынша, екеуі – облыстық мәслихаттар бойынша және біреуі – аудандық немесе қалалық мәслихат бюллетеньдері.

ҚР Конституциясына сәйкес, Парламент Мәжілісі аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді. Мәжіліс 98 депутаттан тұрады. Бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша, яғни партиялық тізім бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша – 29 депутат сайланады.

Бүгін 12 млн-ға жуық азамат таңдау жасайды. Алдын ала тұрғылықты жері бойынша 11 970 406 сайлаушы анықталды.

Мәжіліс сайлауын байқауға 41 шет мемлекет пен 12 халықаралық ұйымнан 793 байқаушы ресми тіркелді.

Сайлау күні 45 мыңнан астам полицей қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді.

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар