Бас әскери прокуратура олигарх Тимур Құлыбаевтың Алматыдағы 4 га жерін мемлекет меншігіне қайтарды.
«2014 жылы Алматы қаласы Медеу ауданындағы құны 6 млрд теңгеден астам, жалпы ауданы 3,8484 га жер учаскесі «Достық строй» құрылыс компаниясы ЖШС меншігіне өтті. Алайда, бұл учаске жеті жыл бойы пайдаланылмаған. Осыған орай әскери прокуратура жерді мәжбүрлеп қайтарып алуға арыз жазды. 2022 жылғы 24 қарашада Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен әскери прокуратураның талап-арыздары қанағаттандырылып, заңды күшіне енді»- делінген хабарламада.
BES.Media Telegram арнасының жазуынша, аталған жер учаскесі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, олигарх Тимур Құлыбаевтың меншігі.
«Достық строй» ЖШС құрылтайшылары Joint Technologies және «Кипрос» компаниялары болып саналады. Бұл екеуі де миллиардер, ҚР бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі. Қайтарылған учаске Құлыбаевқа 2012 жылы әскери госпиталь ғимараты ауысқаннан кейін берілді», - деп жазды арна.
Сондай-ақ Құлыбаевқа MEGA сауда орталығына қарама-қарсы орналасқан Розыбакиев көшесі мен Қожабеков көшесі қиылысындағы 6,6 га бос жер мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жерінің бір бөлігі тиесілі.
Mezgil.kz