Украина мен Ресей арасындағы соғыс медиа алаңда аз талқылануда. Бұл Қазақстанның ішкі саясатындағы түрлі өзгерістерге тікелей байланысты. Отандық БАҚ пен әлеуметтік желі өкілдері сайлау, депутаттардың ант беруі мен Үкіметтің болашақ құрамын талқылап жатыр, ал Украина қақтығысы екінші планға түсті. Ендеше Украинада не болып жатыр?
Ресей әскерінің қыс мезгіліне бағыттаған шабуылы көздеген нәтижеге жетпеді. Мәскеу қыстың суық күндерінде Украинаның жылу, жарық инфрақұрылымына соққы жасап, артынша жаппай шабуылға шықты. Алайда жарық пен жылусыз қалған Украина халқы Зеленский билігіне қысым жасамады, ал әскери тұрғыдан Ресей Бахмут пен Запорожьені басып ала алмады. Ресей әскері соғыстың бір жылдығына орай «Бахмутты алып, халқына сый жасамақ болған» еді, жоспары іске аспады.
Украина әскері Бахмутты қорғау операциясын жалғастыруда. Бұл уақыт ұтуға және Ресей әскерін бір бағытта топтастырып, артынша басқа бағытта еркін маневр жасауға қажет әдіс. Украина әскері Бахмут маңында шығынға ұшыраса да, бұл стратегия әскери тұрғыдан тиімді саналады дейді сарапшылар.
Осы ретте Украина әскері қарсы шабуылға дайындалып жатқаны айтылуда. Қорғаныс министрі Резников қарсы шабуыл сәуір-мамыр айында басталуы ықтимал екенін айтуда. Ал қолбасшы Залужный қарсы шабуылға қатысты барлық ақпаратты құпия сақтау керектігін, тіпті украин әскери сарапшыларына пікір білдіруге тыйым салды. Украина сарбаздары ЕО елдерінде әскери жаттығудан өтіп, алды Киевке қайта оралды. Батыстық үлгідегі танктерді үйрену курстары аяқталды, бронды техникаларды игеру тәжірибелері де соңына жетті. Батыс уәде еткен әскери техникалар Украина жеріне жеткізілуде. Ресей қарсы шабуыл болуы ықтимал шептерді бекіту үстінде.
Батыстық сарапшылар Украина әскері Запорожье мен Херсон облысында қарсы шабуылға шығуы мүмкін екенін айтуда. Тіпті екі бағытта алдамшы соққы жасап, негізгі соққыны Мариуполь-Мелитополь арасына бағыттауы мүмкін екендігін болжауда.
Mezgil.kz