Петропавл атауын Қызылжар деп атайтын уақыт келді!

Кеше Петропавлда бір топ сепаратистердің Қазақстанның тәуелсіздігін мойындамай «өз тәуелсіздіктерін» жариялағаны  мәлім болды. 19 наурызда елде депутаттар сайлауы өтіп, халықтың келешегі шешіліп жатқан кезде, республиканың солтүстігінде арандатушы топ өкілдері өз «республикасын» жариялапты.

қызылжар-300x194.jpg

19 адам жиналып өз хатшысын, өз төрағасын сайлап, декларациясы мен жарғысын қабылдап, тіпті символикасы мен мөрін түгендеп тастаған. Өздерін «Халық кеңесі» деп атайтын топ Қазақстанның білім беру жүйесіне, азық-түлік, медицина және вакцинация жүйесіне қарсы шығып, «Бізге КСРО-ның кезін қайтарыңдар деп отыр екен».


Сөздеріне қарасақ: «Кеңестік білім берудің табысты жүйесін шетелдік стандарттарға сүйенгендеструктивті оқулықтар алмастырды, ал жоғары, техникалық және кәсіптік білім қаржылық пайда табудың құралына айналды. Азық-түлік кеңестік мемлекеттік стандартқа сәйкес келмейді, дүңгіршектер халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тауарларға толы. Бір кездері тегін медицина балалар мен ересектерді емдеуге қаржы жинайтын бизнес саласына айналды»,-депті.


Қазір халықтық резонанс туғызған оқиғаға қатысты полиция тергеуді бастаған. Бірақ осындай іштен шыққан жаудың салдарымен күресіп қана қоймай, себебімен күрескеніміз абзал екенін айтқымыз келеді.


Бұған дейін қазақ қоғамы Петропавл атауын қазақшалау мәселесін талай мәрте көтерген. Ел азаматтары арнайы петиция да жариялады. Петропавлға Қызылжар атауын беруді көпшілік қолдады.


«Бүгінде елдің ауызбірлігін бұзуға, азаматтығымызға сына қағуға бәзбіреулер күш салып жүр. Орыстың Жириновский, Никонов, Федоров, Лимонов секілді шолақбелсенді саясаткерлерінің «Қазақ халқы болмаған», «Қазақстанның солтүстік аумағы Ресейдің жері» деген арандатушылығы белең алуда.


Осы саясаткерлердің арандатушылығы Қазақ еліндегі қоғамды, орыс тілді аудиторияны негізге алып, елді екіге бөлуге тырысуда.


Оның үстіне мемлекеттік маңызы бар Петропавл, Павлодар сынды қалалардың атауы шет тілінде болғаны олардың жұмысын жеңілдетіп отыр.


Осындай арандатуышылыққа қашанғы бейжай отыра бересіздер?


Сол себепті, жуық арада Петропавл қаласының атауын қазақиландыруды, байырғы атауы «ҚЫЗЫЛЖАР» атауын беруді және ана тіліміз – қазақ тілінің үстемдігін арттыруды талап етеміз.


Солтүстік Қазақстандағы ағайын ана тілі, мемлекеттік тіл, қазақ тілінде сөйлемегенше қауіп-қатерден арыла алмаймыз»,- деп жазды «Намыс» жастар қозғалысының өкілдері.


Ендеше біздің де айтпағымыз сол, Петропавл атауын Қызылжар деп атайтын уақыт келді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар