Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық қолдап, агрессияны барынша насихаттаған пропагандашылары жетерлік. Миллиондаған аудитория алдында Соловьевтан бастап Киселевқа дейін көсілуде. Айтатыны “Украинада фашистер, Киевте нацистер”.
Ресейдің бейбіт елге басып кіріп, қырғын салып жатқанына да бір жылдан асты. Осы аралықта ресейлік бағытты насихаттаған сан пропагандашылары да көз жұмды.
2022 жылы, 20 тамызда “Орыс әлемі” идеологиялық жобасының авторы саналатын Дугиннің қызы Дарья Дугина өз көлігіне орналастырылған бомбадан опат болды. Ресейлік тарап шабуылды Украинаға қатысы бар тарап жасады дейді, ал Дугинаны өлтірді деп айыпталған Наталья Вовк іздестірілуде. Кей дерек бойынша ол Балтық елдері арқылы Еуропаға шығып кеткен.
Тағы бір ресейлік пропагандашы Кирилл Стремоусов болатын. Ол Украинаның тумасы болса да, ресейлік бағытқа өтіп, Мәскеудің жаулаушылық соғысын қолдады. Оккупациядағы аймақтарда Ресей билігінің орнауына барын салды. Херсон облысында басқыншы билігін нығайтуға күш жұмсады. Алайда 2022 жылы, 9 қарашада Херсон облысының Жаңа Каховка аймағында жол көлік апатынан қаза тапты. Бейресми ақпарат көздері оның көлігіне камикадзе дроны соғылғанын айтады. Стремоусов оккупациядағы Қырымға жерленді.
Ресейдің атышулы пропагандашыларының бірі Семен Пегов. Ол Сирияда Ресей әскерін қолдап видео түсірді, Қарабақ соғысында армяндарды ашық жақтады, ал Украина соғысында Ресей саясатын насихаттады. 2022 жылы, 23 қазанда Пегов Донецк маңында минаға түсіп, аяғынан жарақат алды.
Ресейдің агрессиясын аса жиіркенішті форматта насихаттағанның бірі Игорь Мангушев еді. Ол 2014 жылдан бері Украинаға қарсы соғысты ашық насихаттап келеді. 2022 жылы “Азовстальді қорғаған жауынгердің басы” деп мейрамханаға адамның бас сүйегін әкеліп, ақпарат айдынын бір шулатты. 2023 жылдың қаңтарында Мангушевті Донбасста атып кеткені жайлы ақпарат шықты. Көп ұзамай Мангушев 8 ақпанда ауруханада көз жұмды. Оның өліміне украин тарапының қатысы жоқ дейді сарапшылар.
Күні кеше ғана тағы бір атышулы соғысқұмар соңғы сапарына аттанды. Максим Фомин немесе көпшілік оны Татарский деп таниды. Путиннің Украина жерін қосып алуға қатысты форумда “барлығын қырамыз, барлығын өлтіреміз” деп мәлімдеме жасаған Татарский Питерде көз жұмды. 2023 жылы, 2 сәуірде кафедегі жиында жарылыс болды. Жарылыста Татарский опат болды.
Mezgil.kz