Атырау облысында үш күн бойына тоқтаусыз қамыс өртеніп, мұнай өңдеу зауытының құбырынан қою түтін шығып, өңірде төтенше жағдай жарияланған болатын. Жергілікті халық далада демалу қиын екенін айтып, әлеуметтік желіде бөлісіп жатты.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл туралы түсінік берді.
«Атырау облысында 3-сәуір күні бірнеше төтенше жағдай болды. "Ақ Жайық" мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы қамыстың өртенуі мен Атырау мұнай өңдеу зауытының құбыры және "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc" ЖШС құбырынан қара түтіннің шығуы, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар мен желдің болмауына байланысты күрделі экологиялық жағдай туғызды»,-деп жазды министрлік.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта екі кәсіпорынға қатысты тексеруді прокуратураға тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Екі факті бойынша мән-жай анықталады.
«Сонымен қатар, кәсіпорындардың, әсіресе, Атырау мұнай өңдеу зауытының экологиялық көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу және газды қолдану жұмыстары жүйелі түрде тіркелуде. Өткен жылы тиісті заңдылықтарды бұзу бойынша дәлелдерге жүгіне отырып Атырау облысы бойынша Экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытының экологиялық рұқсатын тоқтату туралы материалдарды сотқа жолдаған болатын. Алайда, биыл да сапаның жақсармағанын көріп отырмыз. Осыған байланысты кәсіпорындар экологиялық көрсеткіштерін жақсарту мәселесін бақылауға алып, барлығын тез арада бір ретке келтіруі керек. Осы мәселе бойынша министрлік Атырау мұнай өңдеу зауыты мен KPI-нің бас компаниясы – ҚазМұнайГазға және Самұрық Қазына Өндеу хат жолдамақ»,-делінген хабарламада.
Mezgil.kz