Тоқаев Тасмағамбетовты қабылдады. Ресми Ақорда ол жайлы: «Кездесуде ҰҚШҰ жұмысының негізгі бағыттары бойынша бірқатар мәселе, сондай-ақ Ұйымның осы жылғы жоспары талқыланды», - деп жазыпты. Президентке есеп беру ғой. Бұл енді ресми ақпарат, ал бейресми басқа әңгіме болды деп ойлаймын.
Тасмағамбетовтың соңғы уақыттағы мәлімдемелері біздің еліміз үшін жақсы дей алмаймын. 2022 жылдан бастап Қазақстан қиын жолда келе жатыр. Алпауыттардың саяси ойынының құрбаны болып кетпеу мәселесі де тұр. Таразыда экономика, тұтастық, тіпті тәуелсіздік те тұруы ғажап емес…
Ресей Украинаға соғыс аша салысымен-ақ, Қазақстан бұл қақтығыста бейтараптық танытуға тырысуда. Украинаның тұтастығын қолдайтынымызды айту, Украинаны қолдау митингісіне рұқсат беру, Киевке гуманитарлық көмек көрсету Батысқа және Украинаға арналған сигнал болса, Ресейге салынған санкцияларға қосылмайтынымыз, алайда оларды біздің аумақ арқылы айнылып өтуге бұзуға жол бермейтініміз, Гаага шығарған шешімге сай Путинді тұтқындай алмайтынымызды жеткізу Мәскеуге бағытталған сигнал-ды. БҰҰ-да біресе бейтарап қалып, бір мәрте Ресейді қолдап дауыс беру де сол балансты ұстауға тырысудың көрінісі еді.
Қазақстанның қазіргі Ресей-Украина соғысындағы басты мақсаты мынау деп ойлаймын: қақтығыстың бір мүшесіне айналмау, экономиканы әртараптандыруға тырысу және санкция салынып кетуден сақтану. Осы мақсатта тауарларды электронды бақылау жүйесі енгізілді (санкция бойынша тыйым салынған тауар Ресейге кірмеу үшін), Блинкенмен нәтижелі кездесу өтті (санкция салынбайтыны айтылды) және т.б. Алайда Тасмағамбетов ҰҚШҰ Бас Хатшылыққа барған сәттен бастап, осы баланс ұстау саясатына кері әсерін тигізетін, проресейшіл көзқарастағы мәлімдемелерді айта бастады. «Келісімге келуге Батыстың толассыз қару беруі кедергі», - деді, «ҰҚШҰ елдері қару өндірісін бірлесе іске асырса», - деді. Бұл мәлімдемелердің барлығы ҰҚШҰ елдерінің Украина-Ресей соғысындағы бейтараптығына кері әсерін тигізеді.
Сондықтан бүгінгі кездесуде ресмиден бөлек, бейресми әңгіме айтылды деп ойлаймын. Ең алдымен Тасмағамбетовтың мәлімдемелерінің сыртқы саясаттағы Қазақстанның қазіргі ұстанымына кереғар екендігі, оның сөздері бізді (ҰҚШҰ мүшесі ретінде) жақын аралықта санкцияға, алыс аралықта тіпті қақтығысқа итермелеу ықтималдығы айтылды-ау. Былайша айтқанда қатаң форматта «мұндайды қысқарт» деуі де мүмкін. Әйтпесе сөздері мен мәлімдемелері елімізге қауіпті болып барады.
Сіз не ойлайсыз?
Mezgil.kz