Ресейдің Украина жеріндегі ірі шабуылы аяқталды дейді сарапшылар. Мәскеу 2022-нің күзінде мобилизация өткізіп, қыс маусымында шабуылға шықты. Көздеген мақсаттары қыста Украинаның инфрақұрылым кешендеріне соққы жасай отырып, аязды кезеңді пайдаланып Донбасстың әкімшілік аумағына дейін басып алу болатын.
Алайда Ресей әскері айтарлықтай нәтиже көрсете алмады. Донбасстың әкімшілік аумағына шыға алмады. Шабуыл қарқыны Бахмут, Угледар маңында тоқтап қалды. Киев екі қаланың қорғанысын мықтап, уақыт созу тактикасына көшті. Осылайша Ресейдің қыс мезгіліндегі қарсы шабуылы аяқталды дейді мамандар.
Украина әскері де қарымта соққы жасап, қарсы шабуылға көшуге дайындалуда. Алайда қай уақытта бастайтыны белгісіз. Мамандар наурыздың соңында қарсы шабуылды бастайды деген пікірде болды, дей-тұра бүгінде сәуірдің орта тұсына жеттік. Қарымта шабуыл әлі басталмады. WP жариялаған мақалада Украина әскері қарсы шабуылды кейінге шегергенін айтады. «Украина қарсы шабуылды ауа райының қолайсыздығы мен қару-жарақтың кешеуілдеуіне байланысты кейінге шегерді», - деп көрсетті басылым.
Батыстық медиада АҚШ-тың сыртқы саясатына қатысты құпия құжаттар желіге тарап кетті. Онда Украинаның қарсы шабуылына қатысты да ақпараттар бар. Тілшілер ол ақпараттардың дұрыс-бұрыстығын нақтылау қиын болса да, Украина әскері қарсы шабуылына өзгеріс енгізетінін жазды.
Бүгінде Зеленский қарымта шабуыл нәтижелі болу үшін Батыстық серіктестерден артиллерия, снарядтар мен алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымыран түрлерін сұрап отырғанын айтты. Ал «Вагнер» жендеттерінің көсемі Пригожин Киев қарымта шабуылға 200-400 мың арасындағы сарбазды дайындады деген ойда.
Украинаның премьері Шмыгаль «қарымта шабуылды жазда бастаймыз» дегенді меңзеді.
Mezgil.kz