Қазақстан Талибанмен тіл табыспақ...

Ауғанстанда Қазақстанның сауда үйі салынбақ. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Басты кеңсе Герат қаласында орналасады.

2528f8ba-c0e3-47df-b766-9b8ed5010707.jpg

Премьер-Министрдің орынбасары – Қазақстанның сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің Ауғанстанға сапары аясында Кабулда қазақ-ауған бизнес-форумы өтті.


Сауда үйінің негізгі міндеттері – екі елдің сауда-экономикалық қатынастарына жәрдемдесу және жандандыру, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымын ұлғайту, өңірлік сауда-экономикалық, телекоммуникациялық, Көлік және логистикалық байланыстарды дамыту, өңір елдерімен сауда жасау үшін Ауғанстанның транзиттік және шекара маңындағы әлеуетін пайдалану, Қазақстан экономикасына инвестициялар тарту.


«Іс жүзінде сауда үйі Қазақстан мен Ауғанстандағы «B2B» форматындағы іс – шараларды ұйымдастыруды қамтамасыз ете отырып, қазақстандық және ауған іскер топтары арасындағы платформаға айналады», - деп мәлімдеді ведомствода.


Ауғанстанға сапары аясында Серік Жұманғарин сауда және өнеркәсіп, сыртқы істер, байланыс және телекоммуникация министрлерінің міндетін атқарушы, вице-премьердің міндетін атқарушы Абдулани Барадармен кездесті.


Енді Астана  «Талибан» үкіметінің дипломаттарын күтіп отыр. Мұны Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринмен кездескеннен кейін «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған) үкіметі жетекшісінің орынбасары Абдул Ғани Барадар мәлімдеген.


«Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қазақстан бұрыннан бері Ауғанстанмен жақсы қарым-қатынаста болғанын айтты және осы қатынасты нығайту мақсатында жуық арада Қазақстан жаңа ауған дипломаттарын қабылдайды» деп жазылған «Талибан» үкіметі жетекшісінің орынбасарының Twitter-дегі аккаунтында.


Сондай-ақ, Қазақстан Ауғанстанға әуе жолымен гуманитарлық көмек жеткізді, жалпы көлемі 5 403 тонна (81 вагон) негізгі гуманитарлық жүк теміржол арқылы келді.


«Талибан» қозғалысы Қазақстанда сот шешімімен террористік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Астана тәліптер билікке келгеннен кейін 2021 жылы Кабулға президенттің арнайы уәкілінің жетекшілігімен ресми делегация жіберген.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар