Израильдің барлау қызметі жақын аралықта Таяу Шығыста үлкен соғыс болады деген болжамын айтты. Бұл бірнеше факторға байланысты дейді әскери мамандар. Барлау қызметі көрсеткендей, Таяу Шығыста Иранның жыл өткен сайын ықпал ету тетіктері артып келеді. "Сирия соғысын сылтау етіп, Сирия жеріне бекініп, әскери базалар салды" дейді олар.
Соңғы уақытта Йемендегі көтерілісшілерге тек қана атыс қаруы емес, сонымен бірге зымыран түрлерін де бере бастаған. Ал Ирактағы шииттерді қолдаудың жүйесін күшейткен. Израиль барлаушылары бұл құбылыстарды аса қауіпті санайды.
Израильдің АМАН барлау қызметі елдің саяси қайраткерлерін Иранмен соғысқа дайын болуға шақыруда. "Иран ұзақ жылдар бойы Израильмен соғысқа дайындалып жатыр" дейді барлаушылар. Тегеран Палестина мен Газа аймағындағы қарулы топтарды қолдауды арттырып, Ливандағы қарулы топтарды қаржыландыруды күшейткен. Израильдің барлау қызметі Иранды соғысқа итермелейтін басты фактор, уран байытуда Тегеранның жоғары нәтижеге жеткені дейді. Иран мен Батыс елдері ядролық бағдарлама бойынша келіссөз жүргізіп жатыр, алайда Тегеранның Ресейге қару беріп, Украинаға қарсы агрессияны қолдауы келіссөзді тиімсіз етуде. Ресей де өз кезегінде Иранға қарыздың қарымтасы ретінде уран байыту технологиясын беріп, тіпті жойғыш ұшақтар жеткізуге уәде еткен. Бұл аймақта қалыптасқан күш балансын өзгертуі ықтимал. Бүгінде Израиль барлау қызметінің мәліметінше Иран ядролық қару жасауға жеткілікті көлемде уранды байытуға жақындап қалды.
"Біз Иранның ядролық бағдарламасын тоқтатуға тырысып бағудамыз. Иранның өз ішінде осы уақытқа дейін біздің барлаушыларымыз бірнеше мәрте сәтті операциялар жүргізді. Батыстық келіссөздер нәтиже береді деп ойладық. Алайда көріп тұрғанымыздай біз Иранның ядролық бағдарламасын толық тоқтата алмадық. Израиль елі картада қалып, тәуелсіз болуы үшін біз жақын күндері батыл әрекеттерге баруға мәжбүр болмақпыз", - делінген барлау қызметінің хабарламасында.
Сарапшылар Израиль жақын аралықта Иранның ядролық бағдарламасына қатысы бар нысандар мен әскери объектілеріне зымыранмен соққы жасауы мүмкін дегенді айтады.
Mezgil.kz