Соғыс: Ресей өз қаласын өзі бомбалады

20 сәуірде кешкі уақытта Ресей оңтүстігінде орналасқан өз қаласын қателесіп бомбалады. Ресейлік СУ-34 жойғыш ұшағы Белгород қаласына бомба тастаған. 


f9d45e08291c79bd79bd3a2b7cbf12d7-1.jpg

Жарылыс нәтижесінде екі адам жараланып, жерде радиусы 20 метрлік шұңқыр пайда болған. Бұл туралы Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков өзінің telegram арнасында хабарлаған.


«Жарылыстан кейін орталық көшелердің бірінің қиылысында (Ватутина-Губкина) радиусы 20 метр болатын үлкен шұңқыр пайда болды. Жақын маңдағы көпқабатты үйдің терезелері шытынаған. Төрт пәтер мен төрт көлік бүлінген, электр желісі тіреулері құлаған.


Жарылыстан жапа шеккен екі адамның бірінің миы шайқалып, №2 қалалық ауруханаға жеткізілді, ал екіншісіне сол сәтте жедел медициналық көмек көрсетілді», - деп жазды губернатор.


«Жесть Белгород» телеграм арнасы «Пятерочка» деп аталатын дүкеннің шатырына соққының күшінен жеңіл көліктің ұшып кеп түскенін жазды.


Ресей Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаны «Су-34 ұшағы Белгород үстінде ұшу кезінде авиациялық оқ-дәрілердің нормадан тыс болуынан құлады» деп түсіндірген.


«Нәтижесінде тұрғын үйлерге зақым келді, зардап шеккендер жоқ. Тергеу жүргізілуде», - делінген Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарламасында. Қорғаныс министрлігі басқа мәліметтерді жарияламады.


Соңғы апталарда Ресей Федерациясының Украинамен шектесетін аймақтарында - Белгород, Брянск және Курск облыстарында атыс-шабыстар жиілей бастаған. Қалалардың басшылары адам шығыны мен үйлердің қирағанын жеткізген және оны Украина тарапы жасап отыр деп хабарлаған.


Киев бұл мәлімдемелерге түсінік берген жоқ.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар