Қазақ студенті: "Вагнер" құрамына өз еркіммен қосылдым

Әлеуметтік желіде «Вагнер» жалдамалы әскеріне аттанған қазақ студенті жайлы дау басылар емес. Алғаш рет ақпарат Ratel.kz сайтында пайда болып, онда қазақстандық студент Марғұлан Бекеновты Ресейде вагнерліктер ұрлап кетуі мүмкін екендігі айтылған еді.


d796d63f03b294b4134d87b14119a38a.jpg

 

Студенттың анасы былай деп жазған болатын: «2023 жылдың 18 наурызы күні Томск университетінің 4 курс студенті, 2000 жылдың 30-қаңтарында өмірге келген Қазақстан Республикасының азаматы Бекенов Марғұлан Асқарұлын белгісіз біреулер ұрлап әкетті. Ақпарат бойынша ол Ресейдің Краснодар аймағындағы Молькино ауылындағы «Вагнер» жеке әскери компаниясына тиесілі жауынгерлерді дайындайтын базада болуы ықтимал. Оны іздеп табуға және Қазақстанға қайтаруға көмектесулеріңізді сұраймын».

 

Бұл жазба бірінші сайттарда пайда болып, артынша әлеуметтік желіде тарады. Марғұланның туыстары да пікір білдіріп үлгерді. Жоғалған студенттің анасы бүгінде Ресейде ұлын іздеп, табан тоздырып жүр.

 

Күні кеше ғана студенттің үндеуі шықты. «Вагнер» ұрлап кетті деген Марғұлан болса былай дейді: «БАҚ-та Томск мемлекеттік университетінің студенті, яғни мені ұрлап кетті деп жатыр. Шамасы, бұл алаңдап, мазасызданып, мені кез келген жолмен осы жерден алып кеткісі келген анамның әрекетінен шықса керек. «Вагнер» ЖӘК компаниясына өз еркіммен соғысуға, арнайы әскери операцияға үлесімді қосуға келдім. Мен өзімді жақсы сезінемін, ұжым тамаша, өзімді таптым. Маған бұл жер ұнады. Психикалық және эмоционалды тұрғыда жағдайым жаман емес. Тағы да қайталаймын, мені ешкім ұрлап әкеткен жоқ». Осылайша студент «Вагнер» құрамына өз еркімен қосылғанын айтуда.

 

«Вагнер» жеке әскери компаниясы бүгінде Украина соғысында Бахмут маңындағы ұрыс қимылдарына қатысуда. Компанияның басшысы саналатын Пригожин «Вагнер» құрамын толықтыру үшін Ресейдің абақтыларын аралап, сотталушыларға келісімшарт ұсынған болатын. Ол бойынша әр сотталушы ұрыс даласында 6 ай соғысып, тірі қалса, оған амнистия беріледі. Алайда Украина соғысындағы ұрыстың қарқындылығы жоғары және әр вагнерліктің 20 пайызы ғана 6 айға дейін тірі қалады дейді тәуелсіз сарапшылар.

 

Бүгінде «Вагнер» компаниясына Батыс елдері санкция салып, оны лаңкестік ұйым деп тану мәселесін қарастыруда. Демек, вагнерліктердің барлығы дерлік лаңкес статусына ие болуы мүмкін. Қазақстан Республикасының заңнамасына сай, өзге елдегі ұрыс қимылдарына қатысуға болмайды және ол үшін қылмыстық жаза қарастырылған.


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар