Қытайдың Франциядағы елшісі Лу Шае «Кеңес одағының құрамында болған елдердің халықаралық құқықтық мәртебесі жоқ», деп мәлімдеді француз телеарнасына берген сұхбатында.
Кеңес одағының шекпенінен шыққан елдердің егемендігін өтірікке балаған Қытай елшісінің сөзі қоғамдық резонанс тудырды. Ол «Қырым Украинаның жері ме?» деген сұраққа Қырымның тарихи түрде Ресейдің бір бөлігі болғанын және оны бұрынғы Кеңес басшысы Никита Хрущев Украинаға бергенін айтқан.
«Халықаралық құқықта бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің нақты мәртебесі жоқ, олардың егеменді мемлекеттер екендігін растайтын халықаралық келісім жоқ», – деді Лу Шае. Қытай дипломатының мәлімдемесіне Украинаның Франциядағы елшісі Вадим Омельченко дереу жауап қайтарды.
«Географиядан хабары жоқ не болмаса Қытайдың «Халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен принциптері негізінде Украинада бейбітшілікті қалпына келтіру жөніндегі күш – жігер туралы» ұстанымына келіспейді»,- деп жазды Омельченко Twitter-де.
Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк болса: «Өзінің мыңжылдық тарихына мұқият қарайтын ел өкілінен Қырым тарихы туралы абсурд дүниені есту біртүрлі екен. Егер ірі саяси ойыншы болғыңыз келсе, ресейлік аутсайдерлердің үгіт-насихатын таратпаңыз»,-деп жазды Twitter-де.
Латвия, Литва және Эстония Сыртқы істер министрліктері Қытай дипломатының посткеңестік елдердің егемендігі туралы мәлімдемесінен кейін Рига, Вильнюс және Таллиндегі Қытай елшілерін шақырды.
Жексенбі күні Франция «ондаған жылдар бойғы азаптан соң, өз тәуелсіздіктеріне қол жеткізген бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің наразылық білдіруіне толықтай келісетінін» мәлімдеді.
«Ал,Украинаға келетін болсақ, ол 1991 жылы, Қырымды қоса алғанда, бүкіл халықаралық қауымдастық елдің тәуелсіздігін мойындады. Ол келісімнің ішінде Қытай да болған»,-деп жауап берді Франция СІМ өкілі.
Қазақстан СІМ Франциядағы Қытай елшісінің мәлімдемесіне әлі түсініктеме берген жоқ. Бұған дейін Қытай Ресей мен Украина келіссөздерін қайта бастауды қолдайтынын хабарланған болатын.
Mezgil.kz