Кеше түнде Қырым халқының ұйқысы тыныш болмады. Оған себеп Севастополь портындағы белгісіз жарылыс дауыстары болатын. Кейіннен оның не екені анықталды. Бұл украин теңіз дрондары екен.
Оккупациядағы Қырымның заңсыз "губернаторы" Михаил Развожаевтың айтуынша, Украина тарапы екі теңіз дронымен Севастополь портына шабуыл жасамақ болған. Бір теңіз дронын Ресей әскері жарып жіберсе, екіншісі өздігінен жарылып кеткен. Зардап шеккендер жоқ дейді ресейлік тарап.
"Бүгін сағат 3:30-да Севастопольге шабуыл жасалды. Дрондарды жойдық, ешқандай нысанға зиян келмеді, адамдар аман-есен", - деді ол. Ол қаладағы қорғаныс күшейтілгенін, жағдайдың бақылауда екенін айтты.
Қырымда террорлық қауіптің сары деңгейін енгізген болатын. Украина Қырымдағы басқыншылардың қорғаныс жүйесін тексеріп, барлау жүргізу мақсатында оқтын-оқтын шабуылдар жасап тұрады. Әуе қорғаныс жүйесінің орналасқан аймағын анықтау үшін барлау дрондарын жиі пайдаланады.
Бұл Украинаның Қырымдағы портқа жасаған алғашқы шабуылы емес. 2022 жылдың қазан және қараша айларында Украина теңіз дрондары арқылы бірнеше шабуыл жасап, Ресейдің Севастопольдегі флотының басым бөлігін Ресейдің өз аумағына қарай әкетуге мәжбүр еткен-ді.
Mezgil.kz