Қазақстан ЕАЭО-дан шығуы керек!

Қазір елді не толғандырады? Бағаның өсуі, табыстың жоқтығы, жалпы айтқанда, жағдайдың нашарлауы.

IMG_5257.jpeg

Әрине, билікке салсақ, оның өз себептері бар. Мәселен, әлемдік дағдарыс, сыртқы факторлар және тағысын тағы.

Бұл, сөз жоқ, жартылай шындық. Өйткені, шынымен де, Қазақстан өз ырқына көнбейтін көптеген шарттарға тәуелді. Бір философ айтқандай, басқалармен  (елдерді айтам) бірге өмір сүрген соң, олармен араласуымыз керек, оларға белгілі бір мөлшерде тәуелді болуымыз  - шарт.

Алайда, қарап отырсам, кейде сыртқы фактормен санасу ішкі факторларға зиянын тигізетін сыңайлы.

Бір ғана мысал.

Бауырлас жұрты – Украинаның бір түбегін (түбегі емес, түбірін!) басып алған соі оған ашықтан-ашық соғыс ашқан басқыншыл Ресейге қарсы ұжымдық Батыс жариялаған санкциялардың салқыны басқа елдерге де тие бастаған сыңайлы. Ал біз, Қазақстан, болсақ, осыдан біраз уақыт бұрын президент Путин жариялаған «параллель импорт» бастамасының белсенді қатысушымыз! Бір сөзбен айтқанда, ұжымдық Батыстың санкцияларын тиімсіз, нәтижесіз етіп, мүлдем жоққа шығаратын, яғни, тыйым салынған тауарлар мен қызметтерді олардың иелерінен сұрамай-ақ, Ресейге жеткізетін бір транзит ел біз екенбіз!

Ұжымдық Батыстың ресми өкілдері осы жағымсыз жайтқа байланысты ойларын бұрын бүгіп жүрсе, бүгінде ашықтан-ашық айта бастады.

Бұның арты жақсы бола қоймас: Ресейге қол ұшын береміз деп жүріп, өз қолымыздан айырылып қалуымыз әбден мүмкін!

Не істемек керек?

Тығырықтан шығар бір ғана жол бар: ол Еуразиялық одақтан шығу.

Түпкі себептерге үңілсек, Батыс тыйым салған тауарларды ешбір кедергісіз жөнелтіп, жолайша Батыс алдында бетсіз болуымыздың бір себебі – Еуразиялық одаққа мүше болуымыз. 7 жарым мың шақырым ортақ шекарамыз түбі тесілген шелектей: ол арқылы Батыс санкция салған кез келген тауарлар мен қызметтер Ресей жаққа ағыл-төгіл төгіліп жатыр. «Параллель импорт» туралы заңға қол қойған Путин де осы жағдайды ескерген сықылды. Яғни, экономикалық шекарамыз жоқ солтүстік көрішімізге бізге, Қазақстанға, еркін келген тауарлар қалайша қосымша экспорт жасалып жатқанын бір Құдай біледі. Әгәрәки солай бола берсе, ертеңгі күні біз Батыс санкцияларына тап боламыз!

Мәселенің басқа да астары бар.

Біріншіден, біз өзіміздің нарығымызға толыққанды ие боламыз. Мәселен, елдің қытығына тиіп жатқан жанармай проблемасын да шешер едік. Билік: «жанармай бағасының өсуіне оның көршілес елдердегі жоғары бағасы себеп, біз амалсыздан сол бағаны көтеріп жатырмыз», - деп, сылтауратады. Шекараға ие болайық, мәселе бір күнде шешіледі.

Мәскелен, Ресеймен жалғыздан-жалғыз соғысып жатқан көршісі Украинаны қанша қолдаса да, онымен көрші Польша және басқа ЕО елдері өз фермелерін қолдау үшін украиндық бидайдан бас тартып жатыр.

Біз неге өзіміздің отандық тауар өнідрушілерін осылай қолдамаймыз?!

Екінші мәселенің саяси-тұлғалық сипаты бар. ЕАЭО – Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы. Бізде «деелбасиция» боп жатқан жоқ па? Сол мұрадан да құтылайық!

Әрине, құдайы көршімен жақсы болу керек. Ресеймен де солай. Бірақ та, көршімен тату-тәтті болу үшін өзіміздің түпкілікті мүддемізді тәрк ету емес болса керек!

Әміржан Қосан

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар