Ресей олигархтары қазақтың қанша байлығына ие?

Ресей олигархтары Қазақстанның қазба байлығының қанша пайызына ие? Мұнай, алтын-күміс, уран, энергия ресурстары... тағы басқа салаларда ресейліктер қанша табыс тауып отыр? Бұл сұраққа  Press.kz. басылымы жауап іздеп көріпті.


1_1326901.jpg


Мұнай саласы


Қазақстан өз мұнайының қожасы емес екені бесенеден белгілі. Қазақ мұнайының маңайына америкалық, қытайлық, еуропалық және ресейлік инвесторлар жиналған.

«Теңізшевройл» ЖШС: Chevron (АҚШ) – 50%, ExxonMobil (АҚШ) – 25%, ҚМГ (ҚР) – 20%, «ЛукАрко» БК (РФ/АҚШ) - 5%.


NCOC: ҚМГ (ҚР) – 16,88%, Eni (Италия) – 16,81%, ExxonMobil (АҚШ) – 16,81%, Shell (Ұлыбритания) – 16,81%, Total (Франция) – 16,81%, CNPC (Қытай) – 8,33%, Inpex (Жапония) – 7,56%.


KPO: Eni (Италия) – 29,25%, Shell (Ұлыбритания) – 29,25%, Chevron (АҚШ) – 18%, ЛУКОЙЛ (РФ) – 13,5%, ҚМГ (ҚР) – 10%.


Осылардың ішінде Ресейдің үлес салмағы – 10 %.


Ресейдегі ең ірі мұнай компанияларының бірі «Лукойл» Теңіз (5%), Қарашығанақ (13,5%), Құмкөл (25%) және Жеңіс (50%) кен орындарында үлесі бар. «Газпромнан» кейінгі екінші орындағы компанияны миллиардер Вагит Алекперов басқарады. Ол Қазақстанмен мұнай саласындағы келісім-шарттарды сонау 90-жылдардың ортасында бастаған.


«Лукойл» бастығының байлығы 17,8 млрд долларға бағаланады.


«Роснефть» Құрманғазы кен орнынының 50%-на ие. 2013 жылы ол әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші компания атанды.


«Роснефть» басшысы Игорь Сечин кем дегенде 800 миллион доллар байлықтың иесі, оның Ресейдегі Путиннен кейінгі екінші адам екені айтылады.


«Газпром» Қазақстанда 75 жанармай құю станцияларының желісіне ие.

 

Алтын


Алтын өндіруде Қазақстанның мүддесі мұнай өндірісіне қарағанда жоғары.


Алтын өндіру бойынша көшбасшы орындарды ұлттық компаниялар — «Қазмырыш» пен «Қазақмыс» тұр.


Үшінші орынды біраз уақыт ресейлік «Polyus Gold International Ltd» компаниясы болып келді.


Әр жылда акциялар пакетінің негізгі иелері ресейлік шенеуніктер: Михаил Прохоров, Сүлейман Керимов, Владимир Потанин, Зелимхан Муцоев болған.


Алайда, 2013 жылы «Polyus Gold International Ltd ("Полюс алтын" ААҚ-ның бақылаушы акционері PGIL)» Қазақстандағы активтерін консорциумға 310 млн долларға сатты.

«Полюс Золото» ААҚ иелері, ресейлік олигархтар Михаил Прохоров пен Сүлейман Керімов «Қазақалтын» Institute Project B. V. компаниясын 10 миллион долларға қолма-қол ақшаға сатты.


Сонымен қатар, «Institute Project B. V.» және «Financial Services B. V.»  «Қазақалтынның» Polyus Gold алдындағы борышының бір бөлігін өтеді. (299 миллион доллар қолма-қол ақша).


Миллиардер Алексей Мордашов та Қазақстан алтынына қызығушылық танытқан. 2007 жылдың басында оның «Северсталь» компаниясы «Суздаль» және «Жерек» кеніштерін сатып алды. 2008 жылдың тамызында «Северсталь» «Балажал» кенішінің бақылаушылық үлесін сатып алды.


Олигархтар Александр Несис пен Александр Мамут та қапы қалмады.


Александр Несис серіктестерімен бірге 1998 жылы «Полиметалл» компаниясын құрды. 20 жыл ішінде Санкт-Петербургте орналасқан компания әлемдегі алтын мен күмісті өндіру бойынша көшбасшылардың біріне айналды.


Оның Ресей мен Қазақстанда алтын-күміс өндіретін және өңдейтін тоғыз кәсіпорны бар. Александр Несистің байлығы - 2,1 миллиард доллар.


«Полиметалл» ААҚ акционерлері Қостанай облысындағы Варваринское кен орнына иелік етеді. Оның үлесіне өндірілетін барлық алтынның 8% - ға жуығы тиесілі, бұл Қазақстандағы ең көне және ірі кен орны.

 

Уран


Қазақстан уран өндіруден әлемде бірінші орынды алса, оның қоры жөнінен екінші орынды алады.


90-жылдардың ортасында елдегі уран кендері шетелдік компаниялардың қызығушылығын тудырды.


Қазақстандық уран нарығына ресейлік «Росатом» канадалық Uranium One компаниясының акцияларын сатып алу арқылы кірді.


Қазір Қазақстанда уран өндіру көлемі бойынша бес кәсіпорындағы үлесі есебінен «Росатом» көш бастап тұр. «Росатомға» «Қаратау» – 50% үлесі, «Хорасан-U» – 30%, «Ақбастау» БК – 50%, «Заречное» БК – 49,98%, «Оңтүстік тау-кен-химия компаниясы» БК-70% үлесі тиесілі.


«Росатом» - атом саласындағы 400-ден астам кәсіпорынды біріктіретін Ресейдің Мемлекеттік холдингі. «Росатом» Ресейдің атом электр станцияларын басқарады, сондай-ақ холдинг Қазақстанда атом электр станциясын салуға басты үміткерлердің бірі екені белгілі.


Республикадағы уран кен орындарындағы үлестің көпшілігі ресейлік кәсіпкер, Қазақстанның тумасы Василий Анисимовқа тиесілі. Ол «Степногорск тау-кен-химия комбинаты» ЖШС (СГХК) арқылы «Буденовское» БК-ның 49% пайызын иеленіп отыр. Комбинаттың иесі – «DEGEVOL UK Ltd» құрамына кіретін британдық «Ganberg UK Ltd» (60%) және «GEXIOR UK Ltd» (40%). Бұларды кәсіпкердің өзі басқарып отыр деген дерек келтіреді Ұлыбританияның тіркеу палатасы.


Айтпақшы, Англияда тіркелген «DEGEVOL UK Ltd» компаниясының 49% - ы белгілі Александр Клебановтың ұлы Яков Клебановқа тиесілі. «DEGEVOL UK Ltd» уран мен молибден өндіретін «Степногорск» тау-кен химия комбинатының 40% иеленеді.


"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК атынан "Буденовское "бірлескен кәсіпорны" ЖШС үлесінің 49% сатуға келісімге қол қоюдан бас тартты.

 

Энергия ресурстары


Қазақстандық «Богатырь Көмір» - әлемдегі көмір өндіретін ең ірі кәсіпорындардың бірі, оның қоры 2,62 миллиард тонна. Бүгінгі таңда «Богатырь Көмірдің» 50% -ы «РУСАЛ» Біріккен компаниясына, қалған 50% -ы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Бір қызығы, «РУСАЛ» компаниясы ресейлік олигарх Олег Дерипаска мен Роман Абрамовичке тиесілі.


Қазақстанның энергетика саласында Дерипаска мен Абрамовичтен басқа, Вексельберг, Блаватник деген фамилияларды естиміз.


Леонард Блаватник Ресей азаматы емес, бірақ Мәскеуде білім алған. Сонда кәсіп жасайды, Ресейдің саяси элитасымен, атап айтқанда Анатолий Чубайс пен Сергей Степашинмен байланысы бар.


Ол 1986 жылы әр түрлі салаларға инвестиция құятын «Access Industries» компаниясын құрды. 1999 жылы Анатолий Чубайс Қазақстанда жүріп, Павлодар облысында үш электр станциясының, «БЭЖ» РАҚ және «Access Industries» қатысуымен отын-энергетикалық компания құратыны туралы мәлімдеді.


Қазіргі уақытта оның көмір активтерін басқаратын «Access Industries» компаниясы «таратылды» деп айтылады.


Ресейлік олигархтар, бизнесмендер, тіпті Ресей үкіметінің өзі Қазақстанның бүкіл саласына, өміріне араласып отыр. Мұның бәрі олардың мұнай, уран және басқа да қазба кен орындарындағы үлестерді сатып алуынан, өндіруші компаниялардағы үлестерді сатып алуынан, жылжымайтын мүлік салып, өз компанияларын ашуынан байқалады. Қарап отырсақ, біздің экономикамыз ғана емес, саясатымыз да астасып кеткен.


Ресейлік телеарналар Қазақстанға әлі күнге дейін үлкен ықпал етеді.  Internews зерттеуінің қорытындысы бойынша 2021 жылы орта есеппен әрбір бесінші қазақстандық ресейлік медиадан алынған ақпаратқа сенген екен.


Бүгінде Қазақстанда шетелдік инвестор болу тиімді. Олардың құқы қорғалған. Салық, кедендік баждар бойынша жеңілдіктер бар.


Иә, 90-шы жылдары елге шетелдік инвестиция тарту қажет болды, бірақ қазір, әсіресе соңғы оқиғаларды ескере отырып, экономикамызды қайта бағдарлау керегін көріп отырмыз.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар