Үкімет халықтың емес, инвестордың мүддесін қорғап әлек...

Кеше ҚР Парламент Мәжілісі Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің жұмыс тобы отырысы өтті. Жиынды аталмыш комитеттің төрағасы Еділ Жаңбыршин жүргізді. Құрмада талқыланған мәселе – жер қойнауын пайдаланудағы түйткілдер. Яғни, отандық және шетелдік инвесторлар мен Қазақстан арасындағы келісімнің жай-күйі.

еноен.jpg

Кез келген кәсіпкер, әсіресе, жер қойнауы секілді «майшелпекке» дәніккен олигархия әуелі өз қалтасын қампайтуды ойлайтыны кім-кімге де түсінікті. Бірақ жер – жеке адамның емес, сол тұрақты мекен еткен жұртшылықтың игілігі. Сондықтан одан түсетін пайданы алдымен құлқынқарындар емес, сол жердің халқы көруге тиіс. Бұл – бәріне белгілі акциома.

Отырыста алғашқы болып сөз алған «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев та осы мәселені көтерді.

«Негізінде бұл ұсыныстар былтырғы референдумда Конституцияға енгізілген нормаға сүйеніп жасалған. Былтыр біз Конституцияға жаңа норма енгіздік. Онда жер және жер қойнауының иесі Қазақстан халқы болу керек деген норма бар. Сондықтан жер қойнауын пайдалануға байланысты қандай да бір келісімшарт болса, сол шарттарда мемлекет табатын пайда кемінде 51 пайыздан кем болмау керек деп санаймыз. Себебі жер қойнауын пайдаланатын бенефициар, яғни пайда алушы ең алдымен біздің халқымыз болу керек деп білеміз», – деді ол.

Алайда Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов бұған қарсы уәж айтты. Оның сөзінше, бұл норма инвестклиматқа тікелей әсер етеді екен. Өйткені инвесторлардың пайдасын шектесек, олар елімізден кетіп және келешекте де инвестор тартуда мәселелер туындайтын көрінеді. Мұның себебі, осыншалықты аз пайда үшін аса қомақты қаржы құюға инвесторлардың жүрегі дауаламайды-мыс. Қызығы, А.Хасенов: «Біздің ұстанымымыз осындай», – деп қадап айтты.

Вице-минитрдің сөзінен Үкімет үшін халықтың игілігі емес, инвесторлардың пайдасы бірінші кезекте тұратынын ғана ұғуға болады. Олай болмаса, бұл Хасеновтың қай сасқаны? Айдаладан пайда іздеп келген бәзбіреулерге бола Ата Заңнан қалай аттаймыз? Әлде Үкіметке құзіретінде Конституцияға бағынбайтын құдірет бар ма?

Асхат Ғалымұлының жоғарыдағы сөзіне Азат Тұрлыбекұлы үш түрлі дәйекпен қарсы шықты. Әуелі көп бөлігі халықтың пайдасына шешілуі керек деген норманы былтыр алаулатып-жалаулатып өткізген реформа нәтижесінде халықтың қабылдағанын алға тартты. Демек, барша заңнама заңды Конституцияның нормаларына келтіру қажет. Содан соң комиссия үшін бірінші орында мемлекеттің және халықтың мүддесі тұру керек екенін ескертті. Үшіншіден, инвесторлар қазір бұған көнбесе, ертең келмесе, сатуды тоқтатып, келешектің игілігіне қалдыру керек. Асығатын дәнеңе жоқ. Себебі жердің қожайыны – Қазақстан.

А.Хасенов министрлік референдум нәтижесі мен Конституцияға қарсы емес екенін айтқанымен, бұл норманы қарастыра алмайтындарын жеткізді. Өйткені, кез келген келісімшартта инвестор аукционға кірер алдында «Сенің 51 пайызыңның пайдасы біздің мемлекетте қалу керек» деп айтуымыз керек екен.

Жиын барысында Е.Жаңбыршин: «Маған келген ақпарат бойынша, біз мұнайдың бағасын 35 долларға сатамыз, оны трейдерлер немесе ортадағы делдалдар офшорда 80-90 долларға, яғни әлемдік бағамен сатады. Ортасындағы маржаға салық төлемейді. Бүкіл салықтың бәрін 35 доллармен сатқан мұнай компанияларына 80 доллардың бағасымен төлеткізеді. Әлемдік нарықтағы баға мен 35 долларға сатып отырған өзіміздің мұнай компанияларға салық төлетеді. Сондықтан олардың бәрі бізге тиімсіз. Яғни, олар әлемдік нарықтағы бағамен сатса, шығынға Қазақстан ұшырайды», – деді. Бұдан бөлек «Күндердің күнінде мемлекеттің саясаты өзгеріп, тағы ЦРП жасаймыз десе, біз мына келісім арқылы 50 пайызын мемлекетте ұстап отыра аламыз. Сондықтан мына берілген норма қазіргі жағдайға қарама-қайшы келмейтін сияқты», – деген сөзді қосты.

Ал БАҚ-та жарияланған ақпараттар бойынша, «Қашағаннан» Қазақстан қазір 2-ақ пайыз табыс алып отыр. 98 пайызы инвесторлардың қалтасын толтырады. Азат Перуашов «Ақ жол» фракциясы референдум өткен соң бір аптадан кейін келісімшарттарды, оның ішінде ЦПР жөніндегі шарттарды ашуды талап еткенін айтты. Бірақ Үкімет шетелдік инвесторлар қарсы болады деп ашудан бас тартыпты. «ЦРП мәселесі Парламенттен ратификация өткен жоқ. Сондықтан оның заңды күші жоқ», – дейді ол.

Қорытындысында, аталған мәселелер пысықтауға жіберілетін болды. Дегенмен бұл ретте пысықтайтұғын мәселе жоқ. Себебі аталған жайт бюджетке зиян келтірмейді, керісінше, мемлекет бюджетін көбейтуді көздейді.

Энергетика министрлігі неден қорқады: халықтың пайдаға кенелуінен бе, әлде инвесторлардың пайдасы шектелуінен бе?

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар