Кеше рада төрағасы Руслан Стефанчук өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына: «Бүгін маңызды мәлімдеме қабылданды. Украина Жоғарғы радасы рашизмді Ресей Федерациясының мемлекеттік саясатына айналған идеология және практика деп айыптады» деген жазба қалдырды.
Бұл Руслан Стефанчуктың жеке пікір емес. Мамыр айының екісі күні Украинаның Жоғарғы радасы «Ресей Федерациясы саяси жүйесінің рашизм идеологиясын қолдануы, рашизмнің тоталитарлық және адамзатты жек көретін принциптері мен іс-тәжірибесін айыптау туралы» қаулы қабылдады. Қаулыны 281 депутат қолдап дауыс берген.
Рада қабылдаған құжатта «соғыс Владимир Путиннің саяси режимі бұрынғы фашизм мен ұлтшыл-социализмнің қазіргі нұсқасы Ресей фашизмі (рашизм) ретінде неоимперияшыл, тоталитарлық диктатура екенін көрсетіп берді» деп жазылған.
Украина парламенті БҰҰ-ға, Еуропарламентке, ПАСЕ-ге, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясына және жекелеген мемлекеттердің үкіметтері мен парламентттеріне «рашизм идеологиясы мен саясатын айыптауды қолдауға» үндеді.
Жоғарғы рада бұдан өзге халықаралық қауымдастықты Ресейдің әскери-саяси жетекшілігін Украина мен оның халқы алдындағы қылмысы үшін жауапқа тартатын шара қолдануға шақырған.
Mezgil.kz