Кремльге шабуыл жасалды. Дрондар соққы жасаған. Бұл туралы әлемдік БАҚ-та, ресейлік медиа да жазуда. Алайда бұл шабуылға қатысты күмәнді сұрақтар көп. Тәуелсіз әскери сарапшылар да оны жіктеп, «Мәскеу тарапынан ойластырылған акция» деп атауда.
Ресми Украина бұл шабуылды жоққа шығарды. Зеленский Финляндия сапарында Украинаның бұл шабуылға қатысы жоқтығын мәлімдеді. «Біз Путинге немесе Мәскеуге шабуыл жасамаймыз. Біз өз жерімізде, өз қаламыз бен ауылымызды қорғап жатырмыз. Тіпті осының өзіне бізде қару толық жетпейді. Сондықтан біз оны өзге аймақта қолданбаймыз. Біз Путиннің тағдырын трибуналға қалдырамыз», — деді ол Хельсинкидегі пресс-конференцияда.
Ресейдің МемДума басшысы Володин шабуылға қатысты былай дейді: «Ел президентіне қарсы бағытталған шабуылды Ресейге жасалған соққы деп санаймыз. Зеленский режиміне толассыз қару берген Батыс елдері осы бір террорлық әрекеттің тікелей қатысушысына айналғанын түсінуі тиіс. Біз Киевтің террорлық режимін тоқтатып, оны жоятын қару түрін қолдануды талап ететін боламыз», - деді.
Ал Ресейдің бұрынғы президенті Медведев болса тіпті Зеленскийді өлтіруге шақырды. Ол былай дейді: «Бүгінгі шабуылдан кейін біз Зеленскийдің көзін жоюға тиіспіз. Ол енді заңды нысанаға айналды. Ал капитуляцияға қолды басқа біреу қоя жатар. Гитлер өлген соң да Германия капитуляцияға қол қойған».
Тәуелсіз әскери сарапшылар болса бұл шабуылды Кремльдің өзі жасады дегенді айтуда. Олардың пікірінше «Мәскеу осылайша 9-мамыр қарсаңында халықтың соғыс тақырыбына назарын аударып, жау қауіпті, ол тіпті астанамызды атқылауда» дегенді көрсеткісі келеді дейді. Бұл акциядан кейін Ресей тағы да ядролық қарумен қорқытты, ал кей депутаттар жаппай мобилизация жасап, Украинаны жоюға шақырды.
Mezgil.kz