Зеленский Гаагада: Бұл жер қылмыскер Владимирді күтеді!

Кеше Финляндияға сапарлап барған Украина президенті Владимир Зеленский бірқатар маңызды мәлімдеме жасады. Жуырда ғана НАТО-ға мүше болған мемлекетке президент Зеленский тектен-тек барған жоқ.


photo_5375149857708296780_y.jpg


Зеленский дәл Хелсинкіде жүргенде «Мәскеудегі Кремльге соққы жасалды» деген әңгіме әлемдік ақпаратты шарлады. Фин астанасында тұрып, Зеленский: «Біздің Мәскеуге де, Кремльге де, Путинге де шабуылдау ойымыз жоқ. Біз Халықаралық сотқа жүгіндік. Қалғанын солар шешеді. Біз өз территориямызда күресіп жатырмыз. Өз территориямызды азат етеміз», - деген болатын.


Ол сондай-ақ, алдағы уақытта Украинаның НАТО-ға толыққанды мүше болуы керектігін айтты.


Финляндияда бір күн аялдап, қозғалған Украина президенті келесі кезекте Нидерландыға ат шалдырды. Бүгін Гаага мінберінен сөз сөйледі.


«Біз қылмыскерлердің барлығын осы жерде көргіміз келеді. Басқа Владимирді! Украинаға жасаған қыруар қылмысы үшін жауапқа тартылуы тиіс Владимирді! Сөзсіз, сол күнге де жетеміз. Біз жеңіске жеткен күні ол да болады», - деді.


Президент Зеленскийдің Гаага мінберінен айтқан негізгі әңгімесі мынадай:


«Жазасыздық – агерссияны күшейте береді. Біз бұл соғысты әлемдегі ең ақырғы соғыс еткіміз келеді. Және солай болады да!», - деді Зеленский.


Әрі қарай: «6139. Бұл Ресейдің өткен айда ғана Украинада жасаған әскери қылмыстарының саны. Кешегі бір күннің өзінде Херсон облысында 23 адам қаза тапты. Бізге қарсы соғыс ашқан 9 жылдың ішінде Ресей жүздеген мың әскери қылмыс жасады.


Агрессияға жауап болуы керек. Қылмыскерлерді тек Халықаралық трибунал арқылы жауапқа тарта аламыз. Біз Нюрнберг процессінің тәжірбиесін бүгінгі шындықтарға сәйкестендіруіміз керек. Біз дәл сондай трибунал құрылғанын қалаймыз. Агрессор – өзінің жазасыз қалмайтынын білуі керек. Бұл барлығымыз үшін тарихи жауапкершілік. Мен әлемді агрессордан қорықпауға шақырамын. Әлем қауіпсіздікті сезінуі керек», - деп түйіндеді Украина президенті.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар