Қазақстан Ресейдің параллель импортын тоқтату үшін өз шекарасын жапты. Бұл туралы «The Moscow Times» басылымы жазды.
Ондағы ақпараттарға шолу жасап көрдік: Қазақстан Ресейге өткізіліп жатқан тауарларға бақылауды күшейтіп, параллель импорттың жолын кесуге, шекараны жабуға шешім қабылдаған. Оған себеп: АҚШ санкциясы.
Ресей билігінің Украинаға жасаған басқыншылық соғысынан кейін АҚШ пен Батыс елдері Ресейге экономикалық санкцияларды дүркін-дүркін жариялап, импершіл билікті қыспаққа алуға әрекеттенген. Алайда, Ресейдің Украинаға қарсы соғыс бастағанына бір жылдан аса уақыт өтсе де, Кремль билігі бұрынғы КСРО құрамында болған кейбір елдерді қолқалап, санкцияны айналып өтуге тырысқан.
Биыл мамыр айының басында Қазақстанға АҚШ шенділерінің делегациясы келіп кеткен. Делегацияны АҚШ Қаржы вице-министрі Елизабет Розенберг бастап келген. Олар Қазақстан Үкіметінің және Қазақстандағы жекелеген компаниялар басшыларымен келіссөздер жүргізіп, «Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесуді тоқтатпаса, жанама санкциялар салынатынын» ескерткен.
«Қазақстанға да, Қазақстандағы кейбір жеке компанияларға да қатысты қауіп артып келеді», - деген сол кезде Розенберг ханым.
Ресейлік «Грузавтотранс» бірлестігінің бастығы Владимир Матягин: «АҚШ-тың ескертуі әсер ете бастады. Қазақстан шекарада бақылауды күшейтті. Параллель импорт тауарларын мүлде өткізбейді. Қазір Ресейлік жүк көлік иелері Қазақстанды айналып өтіп жатыр. Олар Қытай, Иран, Грузия, Әзербайжан мен Армения арқылы өтуде», - дейді.
«Bloomberg» агенттігі Еуроодақтың Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесіп отырған елдерге жанама санкция салу тетігін қарастырып отырғанын, оған бірінші кезекте Орталық Азия елдері ілігуі мүмкін екенін жазды.
Mezgil.kz