Британ барлау қызметінің жазуынша, Ресей билігі Кремльге жасалған дрон шабуылынан кейін 9 мамырға арналған салтанатты шеруді өткізбейтін болды.
Қауіпсіздік мақсатында Ресейдегі жеңіс күніне арналған бүкіл мерекелік іс-шаралар, әскери шерулер 21 қалада тоқтатылды. Тек Мәскеуде әскери шеру шағын көлемде болуы мүмкін. Владимир Путин әдетте Кремльге құрметті қонақтарын, ардагерлерді шақыратын, бұл жолы ол да жасалмайды. Соңғы рет бұл рәсім 2019 жылы пандемияға дейін болған.
«Мәңгілік полк» шеруі де ешбір қалада өтпейді.
«9 мамырдан бірнеше күн бұрын Кремльге жасалған дрон шабуылы Ресейдің қаншалықты әлсіз екенін кқрсетті. Енді билік өз қауіпсіздігі үшін алаңдай бастады», - деп жазады Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі.
Сондай-ақ жеңіс күніне арналған іс-шаралардың тоқтатылуының тағы бір себебі, Кремль халықтың Украинадағы соғысқа байланысты наразылыққа шығуынан қорыққан болуы керек.
Америкалық соғысты зерттеу институтының хабарлауынша, Ресей енді шабуылға шыққаннан гөрі, қорғану жағына көшкен секілді.
Ресейдің Қорғаныс министрлігі «ЧВК Вагнер» жасағы мен оның жетекшісі Евгений Пригожинді қиын жағдайға қалдырып, Бахмутқа шабуылдан бас тартып, Украинаның өзіне жасауы мүмкін шабуылына дайындалып жатыр.
Ресей әскері қазір іс жүзінде шабуылдауды тоқтатты.
«Пригожиннің үмітсіз мәлімдемесі Ресейдің Украина шабуылына дайындалу үшін оқ-дәрілер мен басқа да керек-жарақтарды үнемдеу туралы шешім қабылдағанын аңғартады. Пригожин шынымен 10 мамырда Бахмуттан кете ме, әлде бұл Ресей Бас штабының қолдауына ие болуы үшін жасаған әрекеті ме, бұл бізге белгісіз. Вагнерліктер шынымен кететін болса, оларға Қорғаныс министрлігінің көмегі қажет болады. Сонымен қатар, Ресей әскери күштерінде «ЧВК Вагнер» жасағы Бахмутта қалдыруы мүмкін позицияларды ауыстыру үшін резервтер жетіспейді», - деп жазды институт.
ISW болжамынша, «ЧВК Вагнердің» Бахмуттағы орасан шығыны және Ресей Қарулы Күштерінің шабуылды баяулатуы - украин әскерлеріне ресейліктерге қарсы шабуыл жасауға мүмкіндік беретін сияқты.
Mezgil.kz