Бүгін Ресейде тағы бір пропагандистке шабуыл жасалды. Донбассқа барып, сепаратистерге рух беріп қайтқан жазушы Захар Прилепиннің көлігіне жарылғыш зат қойылған. Көлік Ресей аумағындағы Бор қалашығына келген сәтте қашықтықтан басқару арқылы жарылған. Жүргізуші оқиға орнында көз жұмса, Прилепин ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Кей ақпарат көздері оның жағдайы ауыр дегенді айтуда. Бұл Ресей пропагандистеріне жасалған алғашқы шабуыл емес.
2022 жылы 20 тамызда Ресейдің бас пропагандашысы Александр Дугиннің қызы Дарья Дугина отырған көлік жарылды. Дугина оқиға орнында қаза тапты. Александр Дугин «орыс әлемі» атты идеологияның авторларының бірі саналады. Батыс оған санкция салып, қара тізімге енгізген болатын. Дугина Украинаны бөлшектеу туралы ойын жиі айтатындардың бірі еді. Ресейлік арнайы қызмет өкілдері Дугинаның өліміне украин азаматы кінәлі деді, артынша оның «Азов» полкінде соғысқаны жайлы ақпаратты жариялады. Алайда Дугинаны өлтіруге қатысы бар деген Наталья Вовк Балтық елдері арқылы Еуропа асып кетті.
Қазан айында танымал пропагандист Светлана Бабаева Қырымда көз жұмды. Ресми дерек бойынша әскери жаттығу полигонына барған сәтте, сарбаздардың бірі абайсызда оқ атып, оқ Светлананың басына тиген. Ол сол жерде тілге келместен көз жұмған. Бабаева 2004-2006 жылдары Ұлыбританиядағы "РИА Новости" бөлімшесін басқарды, 2008-2012 жылдары АҚШ-та өз қызметін жалғастырды. "Московские новости" газетіне басшылық жасап, 2013-2016 жылдары "Газеты.Ru" редакторы болды.
2022 жылы 9-қарашада коллаборант Кирилл Стремоусов көз жұмды. Ресми ақпарат оның жол көлік оқиғасынан опат болғанын айтады. Алайда бейресми ақпарат бойынша ол зымыран соққысынан қаза тапқан. Стремоусов ресейшіл бағытты жақтап, Херсон аймағының халқын Ресейге қосылуға үндегендердің бірі. Telegram және YouTube арналарында ұдайы ресейлік бағытты насихаттап, Украинаны қаралаған шығарылымдар жасаумен айналысты.
2023 жылдың 8-ақпанында Игорь Мангушев атты пропагандист қаза тапты. Оны Луганск облысындағы әскери бекеттің бірінде атып кеткен. Ауруханада бір апта жатып, көз жұмған Мангушев 2014 жылдан бері Украинаға қарсы қару көтергендердің бірі. Ол тіпті өткен жылы украин сарбазының бас сүйегін мейрамханаға әкеліп, мазақ еткені бар. Мангушевті кей нақтыланбаған дерек бойынша вагнерліктер атып кеткен.
2023 жылы 2-сәуір күні Санкт-Петербург қаласында танымал пропагандист Владлен Татарский қаза тапты. "Стрит-арт" кафесіне жиналған "Кибер Z фронт" ұжымының өкілдері Ресейдің империяны қалпына келтіру әрекеттерін талқылап жатқан басқосуда жойқын жарылыс болып, Татарский көз жұмды. Жарылыстың алдында Татарскийге арнайы статуэтка сыйға берілген, ал жарылғыш зат соның ішіне жасырылған дейді ақпарат көздері.
Mezgil.kz