«Вагнер» жалдамалы тобының басшысы Евгений Пригожин Ресейдің қорғаныс министрлігінің қажетті мөлшерде снаряд бермейтінін айтқан бейнеүндеу БАҚ-ты шарлап кеткеніне де бірқыдыру уақыт өтті. Сол бейнеүндеуде ол «Вагнерге» Бахмуттағы қан-қасап шайқасқа керекті көлемде оқ-дәрілер жеткізілмесе, майдан даласынан шегінетінін мәлімдеген.
Ал Украина қарулы күштерінің сөзіне сенсек, оның бұл байбаламы негізсіз екен. Мұны Украинаның ұлттық телемарафонында УҚК-нің Шығыс тобының ресми өкілі Сергей Череватый айтты. «Шынтуайтына келгенде, Пригожинге оқ-дәрі емес, сарбаз жетпей жатыр», – дейді ол.
Сергей Череватый бұған: «Пригожин Бахмутты басып алуға әскери міндеттеме алды. Бірақ міндеттемесін орындай алмайды, ол сол себепті де осындай мәлімдеме жасап отыр. «Вагнердің» басшысы мұны снарядтың жетіспеуімен байланыстырады. Жоқ, оның басын ауыртып отырған – жеке құрамындағы сарбаздарының қойша қырылуы мен құрам қатарын қайта толықтыра алмайтыны», – дегенді де қосты..
УҚК бұған дейін Пригожиннің сөзінде тұрып, Бахмуттан жалдамалы әскерін алып кетуге ниетті екенін көрсететін белгілерді байқамағанын, керісінше, қалаға майдан даласының басқа бөлімдеріндегі дайындығы күшті жендеттерін жеткізіп жатқанын мәлімдеген еді. Сондай-ақ олар Ресейдің украиндар шеп құрған аймаққа күніге 25 мыңға жуық снаряд жаудырып жатқанын хабарлады.
Пригожин жексенбіде ойындағысы орындалғанын айтты. Оның сөзінше, Ресей қорғаныс министрлігі соғысты жалғастыру үшін қанша қажет болса, сонша қару-жарақ пен оқ-дәрі беруге уәде беріпті-мыс.
Украинаның қорғаныс министрлігі бұл туралы түсініктеме бермеді. Алайда Соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшылары Пригожин Қадыровпен бірге Ресей Бас штабын снаряд тасымалын қалпына келтіруге мәжбүрлей алды деп санайды.
«Қадыров «Вагнерді» оқ-дәрімен қамтамасыз етпесе, өз әскерін Бахмутқа көшіремін деп Ресейдің әскери қолбасшыларын бопсалаған болуы мүмкін. Ол «Вагнердің» бопсасын өзінің Кремль билігіндегі «бағалы» орнына қайта қонжиюы үшін де қолдауы мүмкін», – дейді сарапшылар.
Сарапшылар РФ ҚК Бас штабының бастығы Герасимов украин жеріндегі ресейлік басқыншыларды толық бақылай алмағандықтан, Қадыровтың қоқаң-лоқысы іске асты деп есептейді.
«Герасимовтың өз қолбасшыларын бақылау қабілетінің нашарлауы Ресей қарулы күштерінің әртүрлі жауапкершілік салаларына әсер ететін үйлестірілген операциялар жүргізу мүмкіндігін одан әрі шектеуі мүмкін», – дейді сарапшылар.
Mezgil.kz