Қарақалпақстан Республикасының соты «Алға Қарақалпақстан» партиясының басшысы Аман Сағидоллаевты сырттай 18 жылға соттады. Оған Нүкісте наразылық акцияларын ұйымдастырды деген айып тағылған. Бұл туралы Өзбекстанның Жоғары Сотының баспасөз хатшысы арнайы хабарлама таратты.
Сот Сағидоллаевты 5 бап бойынша айыпты деп таныған. Президентті қорлау, билікті басып алу мақсатында төңкеріске шақыру, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысу, лаңкестік мақсаттағы материалдарды тарату сынды айыптар бойынша кінәлі деп танылды.
Сот шешімі бойынша Өзбекстан аумағында Сағидоллаевтың әлеуметтік желі парақшалары да бұғатталуы тиіс. Сағидоллаевқа қатысты сот 2023 жылдың наурыз айында басталған еді. Аман Сағидоллаев Қарақалпақстанды Өзбекстаннан бөлініп, тәуелсіздік алуын қолдайтын азаматтардың бірі. Ол Өзбекстан арнайы қызметтерінің қудалауынан сақтанып, Қырғызстанға кеткен, ал 2016 жылы Қырғызстаннан Норвегияға кетіп, саяси баспана алды.
2022 жылдың 1-3 шілдесі аралығында Қарақалпақстанда толқулар болып, ресми 18 адам қаза тапты. Бірнеше жүз адам жарақат алды. Ал бейресми деректер зардап шеккендердің саны әлдеқайда көп дегенді айтуда.
Mezgil.kz