Президент Тоқаев жуырда Қытайдың CCTV арнасына сұхбат берді. Әлеуметтік желілерге жарияланған үзінділерден сұхбаттың ағылшын және қытай тілдерінде өткенін байқауға болады.

Мамырдың 18-19 күндері «Орталық Азия және Қытай» саммиті Қытайдың Сиан қаласында өтеді. Оған ОА мемлекет басшылары түгел барып қатыспақ. Президент Тоқаевтың Қытай арнасына сұхбаты осы сапардың қарсаңынды ұйымдастырылып отыр.
Президент Тоқаев аталған сұхбат барысында Тайуанға қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізген.
«Біз бұл әлемдегі барлық адамға айдан анық мәселе деп есептейміз. «Екі Қытай» болмауы керек. Тайуан Қытайдың бір бөлігі. Барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығы принципі Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген. Ереже сақталуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аталған сұхбат барысында президент Тоқаев «Тайуан Қытайдың бөлігі» деген пікірді бірнеше мәрте қайталаған.
«Бұл қағида Шанхай ынтымақтастық ұйымының декларациясы мен Жарғысында да белгіленген. Сондықтан мен тағы да бір рет атап өткім келеді. Тайуан Қытайдың бір бөлігі. Және бұған еш күмәніміз жоқ», - деді Тоқаев.
Тоқаев былтыр Ресей президентімен бірге қатысқан Петербор саммитінде де Тайуанға қатысты пікір айтқан. Сол жиында Қазақстанның «ЛХР» мен «ДХР» деген Ресей оккупациялап алған аймақтарына қатысты ұстанымын айтып:
«Біз Тайуанды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны да мойындамаймыз. Сол принциппен Луганскі мен Донецкі дейтін квазимемлекеттік территорияларды да мойындамаймыз», - деген.
Mezgil.kz