Кеше, мамырдың 14-і күні, Түрік елінде Президент сайлауы мен Парламент сайлауы өтті. Президент сайлауына бес саясаткер түсетінін алдын ала хабарлағынымен, үшеуі ғана аталмыш додада бақ сынады.

Олар: Түркияны жиырма жылдан астам уақыт басқарған Режеп Тайып Ердоған («Әділет және Даму» партиясының атынан), Кемаль Қылышдароғлы (алты оппозициялық партияның «Халықтық альянсы» ұсынған ортақ кандидат), Синан Оган («Ата альянсы» саяси блогы атынан). Бұдан бөлек, Парламент сайлауына 24 саяси партия мен 151 тәуелсіз кандидат қатысып жатыр. Мұның нәтижесі 19 мамырда белгілі болмақ.
Түркияда автократиялық режим орнатты делінетін Ердоғанның рейтингі кейінгі жылдары күрт төмендеп, оппозициялық партиялар күш алған. Бұған сол елдегі экономикалық дағдарыс, сыбайлас жемқорлық, тіпті, Ердоғанның популистік мәлімдемелері де сеп болды. Оның басты қарсыласы саналған Қылышдароғлының жемқорлыққа қарсы және Түркияны Еуропа жолымен дамыту туралы мәлімдемелері де сайлаудың тартысты өтетінінен хабар берген.
27 сәуір мен 9 мамыр аралығында Түркияның 73 елдегі өкілдіктерінде сайлауға 1,8 миллионнан астам адам қатысқан. Қатысу көрсеткіші 53%-дан асты (бұл – рекордтық көрсеткіш). Ал Түркияның өзінде 61 миллионға жуық адам дауыс беруге хақылы болып, оның 89,24%-ы қатысқан.
Жария етілген мәліметтерге сүйенсек, сайлауға түскен үміткерлердің ешқайсысы межелі шекке (50%) жете алмаған. Сол себепті Президент сайлауының екінші кезеңі өтуі мүмкін.
Mezgil.kz