Американың соғысты зерттеу институты (ISW) күнделікті шолуында «Washington Post» газетінің бір күн бұрын АҚШ барлау деректері деп жазған ақпаратына пікір білдірді. Сарапшылар: «Кремль Евгений Пригожиннің шынайы бет-бейнесін әшкерелейтін дәлел-дәйектер үшін оны жақын арада орнын босатуға мәжбүрлей алмайды», – деген қорытындыға келді.
Газетте «Вагнердің» басшысы Бахмутты өзіне қарату үшін украин барлаушыларына Ресей тұрақты әскерлерінің позицияларын ашып беруге дайын екенін айтқаны жазылған. Украиналықтар Пригожинге сенбей, ұсыныстан бас тартыпты-мыс. «Оның үстіне, Киев Пригожиннің Украина барлауымен байланысын Кремль біледі деп күдіктенеді», – дейді аталмыш мақала авторы.
«Пригожиннің Украина әскерінің бас барлау бөлімімен ауыз жаласуы мүмкін деген хабарламаларды ресейліктер әрқалай қабылдады», – деп хабарлады ISW. Кәсіпкердің өзі әуелі мысқылдағанымен, кейін басылым нұсқасын қатты сынға алды.
ISW сарапшылары: «Украина барлау қызметімен байланыса қалған күннің өзінде, бұл Пригожиннің Ресей Қорғаныс министрлігімен араздығын көрсеткенімен, Путинге қарсылық деп есептеуге келмейді, өйткені «Вагнер» басшысының басқа әскерилермен бәсекелесуі Ресей басшысына пайдалы болмақ» – деп санайды.
Сарапшылар: «Бұл айыптаулар Пригожинді жақын арада жұмыстан шығаруға мәжбүрлей алмайды, бірақ кәсіпкердің беделін түсіреді», – деп пайымдады. Олардың пікірінше, Кремль Пригожиннің Украинамен байланысын бұрыннан білуі немесе күдіктенуі кәдік, сондықтан «Washington Post-тың» материалына таң қалмады.
«Кремль Пригожинді сатқын деп қаралаудың тетіктерін дайындап жатуы ғажап емес деген де болжам бар. Қалай болғанда да, «Вагнер» әскерлері майданның алдыңғы шебінде тұрған кезде Кремлдің Пригожинге қауіп төндіруі екіталай», – деп қорытындылады шолу авторлары.
Пригожин осыған байланысты айтқан пікірінде: «Қазіргі соғыста әскерлердің орналасқан жері – мүлдем құпия ақпарат емес» деген. Сонымен қатар ол өзара тұтқын алмасу үшін, BBC жазғандай, Украина тарапымен байланыс орнауы мүмкін екенін атап өтті.
Mezgil.kz