Ресей МемДумасының депутаты Константин Затулинді құжат тексеру аймағында Қазақстанға кіргізбей қойғанын жазған едік. Ол осыған дейін Қазақстанға қатысты сан түрлі қарсы пікір білдіріп, еліміздің аумақтық тұтастығына қарсы ой айтқан. Міне, сол Затулин «Газета.Ru» сайтына пікір білдіріп, екінші күн қатарынан Байқоңырда жүргенін айтыпты.
«Біз кеше Мәскеуден Байқоңырға келдік. Қазақстан кеденшілерімен құжаттық тексеру барысында мәселе болғаны рас. Біз сол тексеру аймағында біраз уақыт жоғалтуға мәжбүр болдық. Шекарашылар мені неге өткізбей тұрғанын нақты айтпады. Біз елшілікке мәселені жеткізген соң, бұл түсініспеушілік шешілді», - дейді Затулин.
Затулин Қазақстанға келуі ешқандай да саяси астары жоқ қадам екенін айтуда. Ол Байқоңырда теннис турнирін тамашалап, қаладағы ресейліктермен кездесіп, екі ел арасындағы достық қатынасты нығайтуға күш саламын дейді.
Mezgil.kz