Ондаған дрон соққысы: Мәскеу шабуылға ұшырады

30 мамыр күні таң қылаң берген сәтте Мәскеуге ондаған дрон шабуыл жасады. Бұл туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде, артынша ресми сайттарда пайда бола бастады. Мәскеу мэрі Сергей Собянин Мәскеудегі бірнеше ғимаратқа дрондар соғылғанын растап, зардап шегушілер мен қаза тапқандар жоқ деді.


60864260db24ffc35d6894941edb1ed5.jpg

 

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев облыс бойынша әуе қорғаныс жүйелері ондаған дронды қағып түсіргенін жазды. Ресей қорғаныс министрлігі шабуылға ұшақ типтес 8 дрон қатысқанын жазса, әлеуметтік желі қолданушылары дрондардың саны әлдеқайда көп болғанын айтуда. Дрондарды атып түсіруге Ресей «Панцирь-С» жүйесін қолданған. Аталмыш жүйені Мәскеуге орналастыру желтоқсан айында басталған еді. Ресей астанасына жаңа жылдық мерекеде Украина тарапынан шабуыл болуы мүмкін деген ақпаратқа сай Ресей әуе қорғаныс жүйесін күшейтуге мәжбүр болған еді.

 

Ресей қорғаныс министрлігі әдеттегідей Киев тарапынан Мәскеуге қарсы террорлық әрекет жасалды дейді. Қорғаныс министрлігі барлық дронды атып түсірдік десе де, әлеуметтік желі қолданушылары мен жекелеген сайттар үш дронның ғимараттарға соғылғанын жазуда. Шабуылдың видеосын алғаш болып жариялаған Baza телеграм арнасы кемі 25 дронның болғанын айтты.

 

Бұл Ресей астанасына жасалған алғашқы шабуыл емес. 3 мамыр күні Кремльге екі дрон соғылған болатын. Әуе қорғаныс жүйелері дрондарды қағып салса да, бір дрон тутұғыр тұсына құлап, Кремль ғимаратының күмбезіне түскен еді. Оқиғаны Ресей «ел басшысы Путинге жасалған шабуыл» деп бағалады.

 

Бүгінгі шабуылда бірнеше дрон түрі қолданылғаны айтылуда. Әскери сарапшылар Украинадан Мәскеуге дейін дрондар ұшып келген нұсқа рас болса, онда бұл Ресей әскерінің шекарадағы әуе қорғаныс жүйесінің нашарлығын білдіреді дейді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар