Белгородтан бақ тайды: Губернатор састы, диверсанттар басты

Ресейдің Украинамен шекаралас аймақтарынан тыныштық қашқанына біраз уақыт болды. Украина жерінде жасақталған «Орыс ерікті корпусы», «Азат Ресей» легионы күні кеше Белгород облысына тағы басып кіргенін мәлімдеді. Аталмыш жасақтар 22 мамырдан бері Белгород облысының Шебекино аймағына ұдайы рейд жасаумен келеді. 22 мамыр күні болған рейдке поляк еріктілері де қатысқаны жайлы ақпарат шықты, алайда Польша Варшаваның ерікті жасаққа еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.


1df11b0de5d01ab956a70f4e980c741c.jpg

 

«Орыс ерікті корпусы» сарбаздары Новая Товалжанка елді-мекеніне кіріп, Ресей сарбаздарын тұтқынға алғанын айтты. Олар ресми видеоүндеу түсіріп, Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладковқа кездесуге ұсыныс тастады.

 

«Біз Новая Товалжанкадамыз. Біздің қолымызда тұтқынға түскен сарбаздар мен жараланған жауынгерлерің бар. Міне олар, видеодан көріп тұрсың. Губернатор Новая Товалжанкаға келсе, біз бұл тұтқындарды беруге дайынбыз. Тиіспейміз. Тек пікір алмасамыз, кешкі 17:00-ге дейін уақыт береміз», - деді «Орыс ерікті корпусы» өкілдері. Губернатор Гладков Новая Товалжанкада расымен украин диверсанттарымен ұрыс болып жатқанын мойындады, алайда «тұтқынға түскен сарбаздарды олар осы уақытқа дейін өлтіріп тастауы мүмкін» деген желеумен кездесуден бас тартты. «Кездесуді Шебекино қалашығында өткізейік» деген орындалмас ұсыныс айтып, қашқақтады.

 

Кешкі сағат 18:00-де, кездесу уақыты өтіп кеткен соң, «Орыс ерікті корпусы» тағы бір видео жариялады. Онда тұтқынға түскен Ресей сарбаздарының аман екені көрсетілді және оларды Украинаға беріп, ресми тұтқын алмасу кезінде украин сарбаздарына ауыстыруға болатынын айтты.

 

Бұл оқиғалар «Вагнер» басшысы Пригожинге Ресей қорғаныс министріне тағы бір соқтығып өтуге себеп тауып берді. «Сарбаздар тұтқында. Губернатор оларды өлтіріп тастаған деп қорқақтық танытып отыр. Мүмкін олар тірі шығар. Оларды ата-аналары, жақындары күтіп отыр ғой. Бізде өзі Қорғаныс министрлігі бар ма? Жүрек жұтқан, елім дейтін басшылар бар ма? Егер губернатор сарбаздарды тұтқыннан босатып алу мүмкіндігін қолданбаса, онда мен өзімнің ресми өкілімді жіберуге дайынмын» деді. Алайда оның ұсынысына «Орыс ерікті корпусы» жауап қатпады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар