Бүгін Мәжіліс Үкімет және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін мақұлдау бойынша жиын өтті.
Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін жария етті. Аталған есепті мақұлдауға депутаттар дауыс берді.
«Ақ жол» фракциясы Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есебін қолдамады. «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі Азат Перуашев фракциясының ұстанымын жариялады.
«Ақ жол» фракциясы Үкіметтің есебін қолдамайды және оның көптеген себептері бар. Уақыттың тығыздығына байланысты бесеуін атап өтейін:
Бірінші себеп - Кірістердегі күмәнді жетістіктер.
Әріптестер назарын екі алаңдатарлық жайтқа аударғым келеді, соның негізінде Үкімет есебінде айтылған бюджет кірістерінің артығымен орындалуына қол жеткізілді.
Бұл салық түсімдерінің бірден 42%-ға және қарыздардың 13%-ға артуы. Салық түсімінің 42%-ға артуы деген не?
Бізде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны соншалықты көбейіп пе еді? Жоқ. Әлде бұрынғы кәсіпорындардың пайдасы соншалықты өсті ме? Біз де сенбейміз.
Негізгі себеп – мұнай бағасының өсуі, нәтижесінде бюджет кірісіндегі өндіруші салалардың үлесі 46%-ға дейін артты.
Бірақ, сонымен бірге, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11%-ға дейін төмендеді.
Салық түсімдерінің өсуінің басқа себептері ретінде салық мөлшерлемелерінің артуы, ҚҚС қайтарылуының азаюы және салықтық әкімшілендірудің жақсаруы аталып өтті.
Өкінішке орай, кәсіпкерлер бұл терминдердің астарында не жасырылғанын жақсы біледі.
Мәселен, 2022 жылы мемлекеттік кірістер органдары 20 мың салықтық тексеру жүргізді, бұл алдыңғыға қарағанда 24 пайызға артық.
677 млрд теңгеге қосымша салық есептелді, бұл алдыңғы жыл көрсеткішінен 2,5 есеге артық.
Үкімет барлық теледидарларда бизнеске тексеру мен қысымды азайтып жатқанын хабарлады. Бұл біртүрлі «азайту».
Бұрынғы салық салынатын базаны ескере отырып, салық органдары қалған кәсіпкерлерді іс жүзінде қосарланған салықпен шығынға ұшыратуда. «Ақ жол» фракциясы бұл туралы өткен сәрсенбіде депутаттық сауал жолдап, салық жүйеміздің репрессиялық саясатқа көшіп бара жатқанын атап көрсеткенін еске салу қажет деп есептеймін. Мысалы, салық органдарының мәмілелерді жарамсыз деп тануы немесе тіркеуді жоюы арқылы мыңдаған кәсіпкерлер қайта салық салуға ұшырауда, небәрі екі жылдың ішінде мұндай фактілердің саны 3 есеге өскен.
Мұндай фискалды саясатпен жақын арада бюджетті толтыратын ешкім қалмайды, бірақ инвестициялық саясат тәуекелге ұшырап, бизнес-климаттың беделіне нұқсан келеді.
Ең үрейлісі, қалыпты табысы бар кәсіпорындар қысымға ұшырап, жоғары табысты секторлар «тиісуге болмайтындырдың» санатында қалуда.
Мәселен, банктерге түсетін салық ауыртпалығы - оларға бүкіл экономика, яғни, мемлекет, бизнес пен халық төлейтініне қарамастан, небәрі 2-ден 5%-ға дейін құрайды. Пандемия кезінде де, экономика әлсіреген тұста, банктердің кірісі арта түсті.
Олардың бюджетке қосқан үлесі (428 млрд теңге) өнеркәсіптің, құрылыстың немесе көлік саласының үлесінен аз ғана емес, тіпті кәсіби және ғылыми қызметтен де кем (578 млрд тг.). Ал, банкир мен ғылыми-зерттеу институты қызметкерінің өмір сүру деңгейін салыстырып көріңіз.
Мұнай-газ секторының қайтарымы да күмәнді. Мәселен, ірі кен орындары бойынша шетелдік инвесторлар ӨБК режимінде жұмыс істейді, ал біздің Үкімет Қазақстан осы Келісімдерге сәйкес мұнай сатудан қандай үлес алатыны туралы ақпаратты жария етуден бас тартуда.
Бұл ӨБК әділ болса, инвесторлар мемлекетке жасаған жақсылықтарын көрсету үшін оларды жариялауға мұқтаж болар еді. Бұл шарттар Қазақстан үшін анық қолайсыз болған жағдайда ғана олар ақпаратты ашуға қарсы болады.
Бірақ неге екені белгісіз, бұл жерде Үкімет емес, «PSA» ЖШС ұлттық мүдде үшін жалғыз күресіп жатыр.
Қарыздардың ұлғаюына байланысты «табыстың өсуіне» келетін болсақ, бұл шын мәнінде табыс емес, қарыз екенін түсіну керек.
Мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны ЖІӨ өсімінен әлдеқайда жоғары. Осылайша, бір жылда мемлекеттік қарыз 18 пайызға өсті. Соңғы 10 жылда сыртқы қарыз жеті есе өсті (2012 ж. – 3,6 трлн. теңге, 2022 ж. – 25,3 трлн. теңге). Қарызға қызмет көрсету шығындарының ұлғаюына байланысты түсетін жүктеме 9 есеге өсті (2013 жылғы 177,3 млрд. теңгеден 2022 жылы 1,6 трлн. теңгеге дейін).
«Ақ жол» фракциясы, жұмсартып айтқанда, мұндай «табыстың өсуіне» мүлдем риза емес.
Үкіметпен келіспеуіміздің екінші себебі – бюджетті жоспарлауға жауапсыздықпен қарауы.
2022 жылға арналған республикалық бюджет бекітілгеннен кейін бюджетке 8 (!) түзету енгізілген. Сонымен қатар, 162 млрд.теңге сомасындағы 2 түзету бөлінбей қалды.
Өз есеп-қисабына мұндай немқұрайлылық таныту толық сәтсіздік деп санаймыз. Жеке компанияда мұндай «жоспарлау» үшін жалдамалы менеджмент жұмыстан шығып кетер еді.
Теориялық тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызметкерлер де халық ақшасын басқаруды сеніп тапсырған қызметкерлер. Бірақ үкіметтің халтурщиктерді жазалағанын естімедік.
Үшінші себеп – мұнайлық емес бюджет тапшылығының артуы.
2022 жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде мұнайлық емес тапшылық бекітілген 7 трлн теңгенің орнына 9 триллион 342 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды.
Ал, бұзылған 8,1 пайыздық тапшылық шегін 10,2 пайызға көтеру арқылы ғана айналып өтті.
Бұл «бармақ басты, көз қысты» деп аталады.
Естеріңізге сала кетейін, Ұлттық экономика министрлігі президент Қ.Тоқаевқа 2022 жылы мұнайлық емес тапшылық 5,1%-ға дейін төмендеуі керек екендігі туралы есеп берген болатын. Бірақ шын мәнінде, керісінше, тура 2 есе өсім болды.
Ал, бізге оны қабылдап, сол арқылы заңдастыруды ұсынуда.
Төртінші себеп - Ұлттық қорды талан-таражға салу
Жоғарғы есеп палатасы атап өткендей, Ұлттық қордың қаражаты бекітілген тұжырымдамаға, экономикалық дамудың циклдік сипатына және парасаттылыққа қайшы жұмсалуда.
Үкімет Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың 64 пайызын ағымдағы қызметке – зейнетақы, жәрдемақы төлеуге, тіпті сотталғандарды ұстауға немесе шағын несиеге бағыттауда.
Сонымен қатар, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қорды басқарудан 1 трлн 400 млрд теңге көлеміндегі рекордтық шығын тіркелді.
ВАП мәліметінше, мұндай тәсілдермен Ұлттық қордың активтері 2030 жылға қарай таусылады.
«Ақ жол» фракциясы мұндай шығынды құптай алмайды.
Бесінші себеп – квазимемлекеттік сектордың паразиттік рөлі.
Бұл сектор жиырма жыл бұрын мемлекеттік кірістерді тиімді басқару мен арттыру үшін құрылған. Осы жылдар ішінде ұлттық компаниялардың аяққа тұрып, пайда табатын кезі жетті.
Мемлекет басшылығының мемлекеттік қаржыландыруды қысқартып, бюджетке квазимемлекеттік сектордың үлесін арттыру міндетін қоюы кездейсоқ емес.
Оның орнына квазимемлекеттік кәсіпорындарды қаржыландыру көлемі 38%-ға өсті (722 млрд теңгеден 1 трлн астам теңгеге дейін).
Дегенмен, қайтарымы өте күмәнді.
2020 жылы мемлекет басшысының ұлттық компаниялардың табысының 100 пайызын бюджетке аудару туралы тапсырмасы болды. Бірақ іс жүзінде 12% ғана түскен.
Мәселен, «Самұрық-Қазына» қоры 2022 жылы 1 триллион 600 миллиард теңге кірістен бюджетке 170 миллиард теңге немесе 10 пайыз ғана дивиденд төлеген.
Түсінесіздер ме? Мемлекет холдингтер мен ұлттық компанияларға 1 триллион бөледі, ал олар мемлекет бюджетіне 6 есе аз қайтарады.
Бұл жерде мемлекет мүддесі қайда?
Квазимемлекеттік сектор экономиканың 60%-ға дейінін құрайтынын еске сала кеткен жөн. Сондықтан, оның кірісі болмаса, парламент мемлекет есебінен қалыптасатын нақты қаржылық ағындардың бір бөлігін ғана көреді. Үкімет пен ұлттық компаниялар қалған сомаларды өз қалауы бойынша, парламент қабырғасынан тыс басқарады. Ал, сонда «ықпалды парламент» пен «есеп беретін үкімет» қайда?
Мемлекеттің экономикаға жаппай араласуы, 6,5 мың квазимемлекеттік кәсіпорынның құрылуы қоғамның мойнына мініп алған жатып ішерлердің қалыптасуына ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттің әкімшілік және қаржылық ресурстарымен бәсекеге түсе алмайтын жеке кәсіпкерлікке қысым жасау.
***
«Ақ жол» демпартиясы өзінің саяси бағдарламасында нарықтық негіздерге қайта оралу үшін ұлттық еркін экономиканың кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет деп санайды.
Сондай-ақ:
● Мемлекеттің мүмкіндіктері бюджетпен анықталады, сондықтан барлық мемлекеттік қаржыны парламент бақылауына қайтару керек. Бірақ мемлекет қаржысының қомақты бөлігі бюджеттен тыс жұмсалып, қоғамнан жасырын қалуда. Әңгіме мемлекеттік холдингтердің, ұлттық компаниялардың және мемлекеттік кәсіпорындардың бюджеттері туралы. Олардың көбі мемлекет мойнына масыл боп, жеке тұлғалардың заңсыз әрі бақылаусыз баюының құралы ретінде қызмет етуде. Бұл жерде «жасырын» схемалары жүйелі түрде пайда болып, квазимемлекеттік сектор сыртқы қарыздың үлкен үлесін құрайды, орасан зор шығындарына қарамастан, менеджерлер өздеріне миллиондап бонустар жаздырады т.б. Демек, мемхолдингтер мен ұлттық компаниялардың қаржылары республикалық бюджетке енгізіліп және Парламентте бекітілуі қажет.
● БЖЗҚ, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және т.б. Міндетті жарналары бар барлық қорларға қатысты.
● Холдингтер мен ұлттық компаниялардың барлық таза пайдасы бюджетке түсуі керек. Құрылғанына талай жыл болған мемлекеттік компания әлі де мемлекеттен ақша сұрап отырса, бұл компания мемлекетке емес, өз қалтасына жұмыс істеуде деген сөз.
Мысалы, «Самұрық-Қазына Өндеу» (бұрынғы Біріккен химиялық компания) ашық деректер бойынша 10 жыл ішінде жинақталған 240 миллиард теңге шығынға ие бола тұра, ары қарай да қалауына шек қоймауда.
Ал, мұндай квазикәсіпорындар аз емес.
Оларды қолдағанша, өз қаражатына жұмыс істейтін, тіпті бюджетке салық төлейтін жеке кәсіпкерлікті қолдау тиімдірек.
● Бүгінде Парламент Үкіметтің жұмысын тек бюджетті игеру бойынша ғана бағалайды. Бірақ, бюджет қаржылық құжат болып табылады. Ал, қоғамға тек қаржылық ғана емес, Үкімет күш-жігерін қандай мәселелерге бағыттайтынын, оның алдына қандай нақты міндеттер қоятынын көрсететін саяси құжат та қажет.
2007 жылға дейін «Үкімет туралы» Заңның 7-бабында Үкіметтің Парламентте нақты әлеуметтік-экономикалық мақсаттар мен міндеттер бекітілетін іс-қимылдарының бағдарламасын қорғау шарты қарастырылған болатын. Бұл норма тыныш ғана алынып тасталды, содан бері Парламент Үкімет жұмысына тек бюджетті игеру бойынша баға беріп келеді.
Парламент Үкіметке қаржылық есептілікті ғана емес, мемлекетті дамыту міндеттерін орындау үшін саяси жауапкершілікті де жүктейтін норманы қалпына келтіру қажет деп санаймыз. Сол арқылы президент Қ. Тоқаевтың ықпалды Парламент пен есеп беретін Үкімет формуласы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, конституциялық реформаны дамыту мен халықаралық тәжірибеге сәйкес, бюджетті бақылау барысында Мәжіліске Жоғарғы есеп палатасы анықтаған бюджет қаражатын жымқыру және сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша депутаттық тергеу жүргізу құқығын беруді талап етеміз.
Өкінішке орай, бұл тәсілдердің ешқайсысы Үкіметтің есебінде жоқ.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» демпартиясы Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есебін қолдамайды
Mezgil.kz