Беларусь президенті Александр Лукашенко тағы да «Орталық Азия елдерінің Ресейдің айналасына топтасуы керектігін» айта бастады. 8 маусымда ҰҚШҰ елдері Қауіпсіздік Кеңесінің хатшыларымен кездесу кезінде ол таяуда Қырғызстандағы «мемлекеттік төңкеріс» жасамақ болғандардың әрекетін мысалға алды.
«ҰҚШҰ-ның батыс және оңтүстік шекараларынан тыныштық кете бастады, қазір барлық салаларда гибридті қақтығыс жүріп жатыр», - деді ол. Оның айтуынша, бүгінде ҰҚШҰ елдерінің бірлігін қашыруға бағытталған ақпараттық соғыс белсенді жүргізілуде.
«Өздеріңіз қараңыздарды, қайта-қайта шайқауға тырысып жатыр. Қырғызстанды жайына қалдырсыншы! Олар енді ғана аяққа тұрып келеді, ел өз жөнімен дамысын, соған мүмкіндік берсін. Ол кімге кедергі болып жатыр? Ешкімге. Соған қарамастан шайқауға тырысып жатыр. Сіздер Қырғызстанға жайдан-жай, себепсіз тиісіп жатыр деп ойлайсыздар ма? Жоқ. Бұл Қырғызстан арқылы Қазақстанға кірудің жолы. Бұрын Ресей арқылы Қытайға кірген сияқты. Осыған мән беріңіздер. Әсіресе, Қазақстанға жайбарақат өмір сүруге олар мүмікіндік бермейді», - дейді Лукашенко.
Оның ойынша, қазір ҰҚШҰ елдері бірікпесе, сыртқы күштер бізге «тыныштық бермек емес».
Беларусь президенті Ресей-Украина соғысы басталғалы бері ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерді, жалпы Орталық Азия елдерін өзі секілді «Ресейге шын берілуге» үгіттеп келеді. Әр халықаралық жиында ол үгіт-насихатын тікелей болмаса да, жанама жүргізіп өтеді.
24 мамырда Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық форумының пленарлық отырысынан кейін сұхбат берген Александр Лукашенко «ядролық қаруы жоқ елдер Мәскеу-Минскі одағына қосылсын» дегенді айтқан.
«Қасым-Жомарт Тоқаев уайымдамайтын болар, бірақ, егер басқа елдер ядролық қаруымыз жоқ деп алаңдайтын болса, Беларусь-Ресей одағына қосылсын, сол кезде бәрінде ядролық қару болады», - деген болатын Лукашенко. «Бұл өзімнің ғана көзқарасым», - дегенді қосып қойды ол.
Ақорда өз кезегінде Қазақстан ешқандай одақтас мемлекеттердің құрамына кірмейтінін жеткізді.
«Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ», - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.
Естеріңізге сала кетейік, 24 мамырда Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық форумының пленарлық отырысында Тоқаев ЕАЭО саяси одақ емес екенін, біздің экономикалық негізде бірігіп отырғанымызды айтып, тіпті ядролық қаруына дейін бір болып кеткен Ресей-Беларусь одағында «жұмысымыз жоқ» екенін білдірген.
Mezgil.kz