Ресейдің Белгород облысына кіріп, ұдайы рейд жүргізуді әдетке айналдырған «Орыс ерікті корпусы» мен «Азат Ресей» легионы мүшелері түрлі БАҚ өкілдеріне сұхбат беруде. Бұл ақпараттық соғыстағы бір әрекет десе де болады. «Орыс ерікті корпусының» командирі, лақап аты «Фортуна» есімді жауынгер БАҚ-қа берген сұхбатында корпустың алға қойған мақсаты жайлы айтты.
«Қазіргі уақытты біз әлі де Новая Таволжанкадамыз. Осы уақытқа дейін бізбен бірге "Азат Ресей" легионы да болды. Алайда қазір олар өзге міндеттерді жүзеге асыру үшін жоспарға сай басқа аймаққа ауысты. Біз өз жоспарымызға сай әрекет етудеміз», - дейді ол.
Осыған дейін жасақ өкілдері Новая Таволжанкада Ресей сарбаздарын тұтқынға алып, оларды босату үшін Белгород губернаторымен кездесуді ұсынған болатын. Алайда Белгород губернаторы ол ұсыныстан бас тартты.
«Біздің жоспарымыз айқын. Белгородқа жасаған рейдтеріміздің әскери стратегиясы бар. Бұл Ресей жерін демилитаризациялаудың басы. Сонымен бірге бұл Ресейді Украина жерінен әскерін бөліп, Белгородқа қарай жылжытуға мәжбүрлеуі ықтимал. Сондықтан біз енді ғана бастадық дей аламыз. Мақсатымыз әскери тұрғыдан соғысты Ресей аумағына ауыстыру, ал саяси тұрғыдан диктаторлық Путин режимінің Ресей халқын қорғай алмайтынын ресейліктерге көрсету, түсіндіру. Ерте ме, кеш пе біз Владивостокқа дейін жететін боламыз. Жоспарымыз бар», - дейді ОЕК өкілі.
Ол Белгород облысына жасалған рейдтер барысында бейбіт тұрғындардың қаза таппағанын айтты. Сонымен бірге жасақ құрамына қосылуға өтініш білдірушілер санының еселеп артқанын да жасырмады.
Mezgil.kz