ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі маусым айының 8-і күні Батпаев орманшылығының аумағындағы ағаштардың жанып жатқанын мәлімдеген. ТЖМ-ның хабарламасында «өрттің алдын ала аумағы – 0,3 га», – деп жазылған. Ал 9-ы күні өрт алты учаске бойынша 30 га жерге дейін жайылғаны белгілі болды. Сол күні кешке өрт 60 га жерді шарпыды, 3 адам қайтыс болды. Семейде өртке байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді.
Маусымның 10-ы күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Викторович Ильин қызметінен босатылып, орнына Сырым Шәріпханов тағайындалды.
Кейінірек белгілі болғандай, техника жетіспеуі, өрттің таралуы жайлы қате болжам жасалуы және өрттің кеш сөндіріле бастауының салдары 14 бірдей боздақтың отқа орануына апарып соқты. Ресми ақпарат көздері өрттің шығуына найзағай түсуі себеп болған дейді.
Маусым айының 11-і күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына арнайы барып, өрт аумағын тікұшақпен аралап шықты. Сондай-ақ, ол марқұм болған орманшылардың туыс-туғандарымен кездесіп, моральдық-материалдық көмек көрсетілетінін, жауапты адамдардың жазаланатынын айтты. Мемлекет басшысы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялап, Үкімет жұмыс сынға алды.
Ақпарат көздерінде жарияланған мәліметтерге сүйенсек, Абай облысының әкімі өрт өршіп жатқан уақытта тұсаукесер тойында жүріп, өртті ауыздықтау ісіне 12 сағаттан кейін барып мойын бұрыпты. Салғырттық танытқан Ильин мен Ұранхаев қана ма? Орман шаруашылығы ісі ҚР Экология министрлігіне қарасты емес пе? Министр Зүлфия Сүлейменова қандай жауапкершілік арқаламақ – бұл туралы ресми мәлімет тараған жоқ.
Бүгін ақшейіт кеткен 14 орманшының аза тұту күні деп жарияланды. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихында жарияланған 12-ші Ұлттық аза тұту күні.
Mezgil.kz