Ресейде Думаның депутаты Константин Затулин деген бәле бар. Әлсін-әлсін Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға қарап жөн-жосықсыз лақпасын лепіріп, ауызы көпіріп отырады.
Сол Костя тағы сөйлепті. Сөйлегенде бүйдепті. «Қазақстан мен Қырғызстанның азаматтары Украина жағында соғысып жүр. Олардың саны көп», - депті. «Қазақстанда ұлтшыл элита антиресейлік көзқараста. Сол себепті де көп қазақстандық қазір бізге қарсы соғысып жүр», - деп шоқты көсеп-көсеп, бөсіп-бөсіп жіберіпті.
«Қазір Украина жағында, бізге қарсы Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның азаматтары да аз соғысып жүрген жоқ. Біз қазір Қазақстан мен Қырғызстанның әскерилерін өз жағымызға шақырудың алудың қамын жасап жатырмыз деп ойламаймын. Біз қазір олардың күшіне мұқтаж да емеспіз. Бізге Қазқастан мен Қырғызстанның азаматтарының Украина жағында соғыспауы маңызды. Өкінішке орай, қазір олар Украина жағында соғысып жатыр.
Әрине, оларды соғысқа Қазақстан мен Қырғызстанның билігі айдап салып отырған жоқ. Бірақ факт. Олар бізге қарсы соғысып жатыр. Бұған басты себеп – Қазақстан мен Қырғызстанда антиресейшіл көзқарастағы ұлтшыл саяси элита бар. Солардың үгітінің нәтижесі бұл», - депті.
Ресей депутатының бұл айтқандарын біз ашық арандату деп бағалаймыз. Осыған дейін Ресей Мемлекеттік думасының депутаты және «Әділетті Ресей» партиясының жетекшісі Сергей Миронов: «Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты Орталық Азия елдерінің орыстары Ресей жағында Украинамен соғысамыз десе, жіберуі керек және ол үшін ешқандай қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек», - деп сөйлеген еді.
Айта кетейік, Қазақстанда шет мемлекеттердің аумағында әскери іс-қимылдарға қатысқандар 5 жылдан 10 жылға дейін бас ботандығынан айырылады.
Өткен жылдан бері, тіпті оның алдыңғы жылдардан бері Ресей саясаткерлері тынбастан Қазақстанға қатысты арандатушылық мәлімдемелер жасап келеді. Ресейлік депутаттар Қазақстанда «нацистік көзқарас бар», «русофобияның белгілері бар» деп бірнеше рет айыптаған. Қазақстандық депутаттар мен қоғам қайраткерлері ондай арадатушылық мәлімдемелерге жауап беріп келеді.
Mezgil.kz