Путин күні кеше ресейлік әскери корреспонденттермен кездесу өткізді. Ресейдің агрессиясын ашық қолдап, ұрыс даласындағы жетістігін асыра көрсетіп, жеңілісін жасырып қалатын әскери корреспонденттер Кремльдің ақпарат айдынындағы басты идеологиялық құралының біріне айналып кеткен. Путин кездесу барысында біршама ойлар, ақылға қонымсыз тұжырымдар айтты. Солардың бірсыпырасын өздеріңізге ұсынуды жөн көрдік.
УКРАИНА ТУРАЛЫ АЙТҚАНДАРЫ. Бүгін Украинаны Батыс бізге қарсы құрал ретінде қолданып отыр. КСРО ыдыраған сәттен бастап бізге қарсы қою жұмыстарын бастады. Киев режимі бүгінде тарихты жойып жатыр. Украина елінің негізін қалаған Лениннің ескерткіштерін сүріп тастап, орнына нағыз оңбаған, фашист болған Бандераны қоюда. Бұл ақылға қонбайтын әрекет қой. Бойында еврей қаны ағып жатқан адамның (Зеленскийді айтады) қалайша неонацизм идеясын қолдайтынын түсіне алмаймын.
Біз соғысты бастаған жоқпыз. Біз жылы Киев Донбасста бастап, қарапайым халықты қырғынға ұшыратқан қанды сойқанды қарулы жолмен тоқтатуға тырысып жатырмыз. Басқа амалымыз да жоқ.
Украина мен Ресейдің айырмашылығы неде деп сұрайды. Мен айтайын, Ресей ол құқықтық мемлекет, ал Украина дегеніміз нағыз қатаң режим. Міне, айырмашылық осында.
СОҒЫСҚА ҚАТЫСТЫ АЙТҚАНДАРЫ. Украина қарсы шабуылы басталды. Маусымда басталды дегеніміз дұрыс болады. Бұл ауқымды шабуыл. Мен күн сайын ұрыс даласынан арнайы баяндама алып отырмын, жағдайды толық білемін.
Украина шабуылы ауқымды болса да, нәтижесіз. Біздің жауынгерлеріміз нағыз ерлік көрсетуде. Украина қарсы шабуылда 160 танк пен түрлі деңгейдегі 360 бронды техникасын жоғалтты, ал бізде 54 танк жойылды. Менің есептеуім бойынша Украина қазірдің өзінде Батыс берген техниканың 25-30 пайызынан айырылды.
Киев ешқандай қару өндірмейді. Батыстың қаруына толық тәуелді болып отыр. Біз әскери операция жариялаған сәттен бастап оның әскери өндіріс кешендерін жоюмен келеміз. Батыс берген Леопард танктері де, Брэдли көліктері де отқа орануда. Ал біздің «Прорыв» танктерімізді нағыз әлемдік деңгейдегі ең үздік танк десек болады.
КАХОВКА ГЭС-інің ЖАРЫЛУЫ ТУРАЛЫ. Каховка ГЭС-ін Украина тарапы жарып жіберді. Нақты немен жарғаны қазір зерттелу үстінде, алайда олар ГЭС-ті тоқтаусыз Хаймарстармен атқылағаны белгілі. Мүмкін ГЭС-ке жарылғыш зат орнатқан болар. Бірақ бұл ГЭС-тің жарылуы бізге үлкен қиындық келтіруде. Біздің жаңа аймақтарымыздағы халық зардап шекті. Қазір ТЖМ өкілдері онда белсенді жұмыс істеп жатыр.
Бір ой айтайын. Біз үшін ГЭС-тің жарылмай, олардың сол бағытта шабуылға шыққаны тиімді еді. Өйткені біз оларға соққы беруге дайын тұрдық. Енді олар ол бағытта қарымта шабуылға шықпай қалды.
ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚТЫ КЕСІП ӨТУ ЖАЙЛЫ. Біз «қызыл сызықты кесіп өтпеңдер» деп Батысты үнемі ескертумен келдік. Алайда олар бізді ақымақ санады, алдады. Минск келісімдері соның айқын дәлелі. «НАТО-ны шығысқа жылжыту қате дедік, біз үшін ол қауіпті» дедік. Тыңдамады.
Арнайы операция сол қызыл сызықтарды кесіп өткені үшін нақты жауап. Украинаның инфрақұрылымына соққы жасау, Киевтегі барлау қызметінің ғимаратына нақты соққы жасаудың барлығы дерлік сол қызыл сызықты кесіп өтуге нақты жауап. Біз бұл әрекетімізді жалғастыратын боламыз.
РЕСЕЙ АУМАҒЫНДАҒЫ РЕЙДТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ. Ресей аумағына кіріп, рейд жасамақ болған әрекеттерді көрдік. Бұл шекараны қуатты ету мәселесін көрсетіп берді. Қазір Ресей жерінде бірде-бір украин диверсанты жоқ. Шекара маңында поляк еріктілері де Украинаны қолдап, соғысып жатыр. Олардың арасында оққа ұшқандары өте көп.
Жалпы Ресей аумағын атқылау тоқтамаса, біз «қауіпсіз зона» жасауға кірісуіміз керек. Киевпен өткен жылы келісім болды. Біз Киевке дейін жеттік, артынша келісімге сай Сум, Киев, Чернигов аймақтарынан шықтық. Алайда Киев ол келісімді ұстанбады. Әдеттегідей алдады.
Енді қазір мобилизация керек пе деген сұрақ қойылды. Дәп қазіргі сәтте мобилизация да, әскери жағдай енгізу де керек емес. Егер Киевке қайта баратын болсақ, онда мобилизация қажет болар (жымиып).
Путин кездесу барысында соғысқа қатысты өте көп ақпарат айтты. Ол: «әр жойылған ұшақ үшін 300 мың, әр танк үшін 100 мың рубль төленуі тиіс», «Украина бай-қуатты ел боламыз десе болсы, бізге қауіп төндірмесе болғаны», «Украина деген болмаған, оның 1922 жылы Ленин мен коммунистер құрған», «НАТО-ға қосылғысы келсе өз еріктері, бірақ біздің тарихи жерімізді тастап кетсін», "Біз Украинаны ел ретінде құрметтейміз, ал олар бізді ел деп қарастырмайды" және басқа да пропагандаға толы, тарихи шындық пен логикадан алыс сөздерді айтты.
Mezgil.kz