«Орыс арманынан бас тарт!». Грузия парламентінде наразылық білдірушілер осылай деп ұрандатты. Олар елдің билеуші партия өкілдерінің бетіне Ресейлік валюта – рубльді лақтырған.
Оларды парламенттегі оппозиция партиясы қолдап, қол соқты. Бұл әрекет билеуші партия мен оппозияциялық партия арасына жік салған. Осылайша парламент отырысы жарты сағатқа тоқтатылды.
Грузин белсенділері елді басқарушы партия – «Грузия арманын» «Ресей арманы» деп атайды, осылайша партияны Ресейшіл деп айыптайды.
Бірнеше күн бұрын басқарушы партияның төрағасы Иракли Кобахидзе Тбилиси университетінің студенттеріне дәріс оқуға келгенде осындай қарсылыққа тап болған. Оған Ресейшілдікке қарсы адамдар рулбь лақтырды.
Белсенділер Грузияның Батыстан алыстап, Ресейге жақындай бастауына алаңдайды. Братиславадағы қауіпсіздік форумында Грузия премьер-министрі Гарибашвили: «Ресейдің Украинаға басып кіруіне – НАТО-ның кеңейіп, Украинаның альянс қатарына қосылғысы келуі себеп болды», - дегенді айтқан.
Америкалық басылым Politico Гарибашвилидің Кремльдің риторикасын қайталағанын айтады. «Бұл Грузияның Батыстан алшақтауы», - дейді басылым.
«2008 жылғы соғыстан кейін Грузия НАТО-ның ең жақын серіктесінің біріне айналған. Кейінірек альянстың мәлімдемесінде Грузия НАТО-ға мүше болатыны атап өтілді, бірақ оның альянысқа қосылу процесі жүрмей қалды», - делінген мақалада.
Биыл 15 мамырда Путин Грузия азаматтары үшін визалық режимнің жойылғанын және Ресей Федерациясымен тікелей әуе қатынасының қайта жанданғанын жариялады. Осыдан кейін Тбилисиде жаппай наразылықтар басталды. Грузия Президенті Зурабишвили бұл шешімге наразылығын білдіріп, оны «Ресейдің кезекті арандатушылығы» деген еді.
Mezgil.kz