Қазақстанның құзырлы билігі АЭС құрылысының қажеттілігі жайлы мәселесі референдумға шығармайтын болды. Бұл туралы ҚР Энергетика кіші министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлімдеді.
«Референдум болмайды. Бұл мәселе референдумға шығарылмайды. Қазіргі мәселе – АЭС-тің орналасатын орнын анықтау. Бұл бірінші мәселе. Екінші мәселе – және ең басты мәселе – бұл технология және қаржылық-экономикалық моделді анықтау», - дейді кіші министр Жандос Нұрмағанбетов.
ҚР Энергетика вице-министріне «қазақ АЭС-ін салуға қатысты Ресейлік «Росатомның» қысым жасап, құйтұрқылыққа көшуі» туралы сауал қойылған.
«Ешкім қысым жасап жатқан жоқ. Барлық комманиялар әріптестік жолын іздеуде. Жуырда Корейлік компания келіп кетті. Олармен де ауқымды келіссөздер жүргізілді. Қытай да АЭС құрылысына қатысты өз ұсыныстарын білдіруде. Күтіп отырмыз», - дейді Нұрмағанбетов мырза.
Болашақ АЭС-тің орналасатын жері мен құрылыс мерзімі былтыр, 2023 жылдың алғашқы жарты жылында анықталуы тиіс болған. БАҚ өкілдері бұл бағыттағы жұмыстардың кешеуілдеуіне де назар аударып, вице-министр Нұрмағанбетовті сұрақтың астына алыпты.
«Өкінішке орай, АЭС-тің орны анықталмады. Қазір заңнамаларға сәйкес, сұрақ Алматы облысы мәслихатының қоғамдық тыңдауында. Мүмкін, біз кей тұстарында олқылықтар жібердік. Қандай жағдай болса да, қазір бізге жаңа министр келді. Бәрібір сол мәселемен айналысып жатырмыз. Талқылаудамыз.Сұрақ көп. Барлығын талқылаудамыз», - дейді ҚР Энергетика вице-министрі.
Айта кетейік, осыған дейін АЭС құрылысына қатысты қазақ қоғамының пікірі екіұшты болды. Бұл жобаны жақтаушылар да, даттаушылар да табылды. Осыдан кейін, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС бойынша мәселе референдумға шығарылатынын айтқан.
Mezgil.kz