93-і қаза болған: «Вагнер» ОА азаматтарын соғысқа шақырып жатыр

Ресей Украинаға жорығын бастағалы Орталық Азия елдерінің кем дегенде 93 азаматы соғыста қаза болған. Олардың 19-ы Қырғызстанда, 34-і Өзбекстанда, 40-ы Тәжікстанда туған деген дерек келтіреді BBC-дің орыс қызметі.


1686819480989814.jpg


Қан майданға аттанғандар Ресей түрмелерінде отырып, «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының арбауына түскен. Мақалада бірнеше қырғыз отбасының оқиғасы баяндалыпты. 


Қырғыз адвокаты Мирлан Ақылбеков «Вагнер» ұйымының түрмеде отырғандарды соғысқа алдап шақырып жатқанын қамауда отырған жерлестерінен естіген. 


Биыл наурыз айында Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі «Қарақалпақстанның бір азаматы Ресейде түрмеде отырған жерінен соғысқа жіберіліп, сол жерде снаряд оғынан қаза тапты», деп хабарлаған. Мамыр айында тағы бір өзбекстандықтың Украина аумағында көз жұмғаны белгілі болды. Оны да Ресейде түрмеде отырған жерінен соғысқа алып кеткен. Марқұмның анасы баласының соғысқа барғысы келмегенін, бірақ оны Украинаға күштеп алып кеткенін айтады. 


Таяуда Ресей Думасының депутаты, Кремльдің үгіт-насихатшысы Константин Затулин: «Қазақстан мен Қырғызстанның азаматтары Украина жағында соғысып жүр. Олардың саны көп», - деген болатын. 


«Қазір Украина жағында, бізге қарсы Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның азаматтары да аз соғысып жүрген жоқ. Біз қазір Қазақстан мен Қырғызстанның әскерилерін өз жағымызға шақырудың алудың қамын жасап жатырмыз деп ойламаймын. Біз қазір олардың күшіне мұқтаж да емеспіз. Бізге Қазақстан мен Қырғызстанның азаматтарының Украина жағында соғыспауы маңызды. Өкінішке орай, қазір олар Украина жағында соғысып жатыр.


Әрине, оларды соғысқа Қазақстан мен Қырғызстанның билігі айдап салып отырған жоқ. Бірақ факт. Олар бізге қарсы соғысып жатыр. Бұған басты себеп – Қазақстан мен Қырғызстанда антиресейшіл көзқарастағы ұлтшыл саяси элита бар. Солардың үгітінің нәтижесі бұл», - деп кезекті арандату мәлімдемесін жасады. 


Алайда BBC-дің дерегінен көріп отырғанымыздай, Ресей тарапы түрмеде отырған, шарасыз тұтқындарды алдап-сулап Украина соғысына аттандырып жатыр. 


Осыған дейін Ресей Мемлекеттік думасының депутаты және «Әділетті Ресей» партиясының жетекшісі Сергей Миронов: «Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты Орталық Азия елдерінің орыстары Ресей жағында Украинамен соғысамыз десе, жіберуі керек және ол үшін ешқандай қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек», - деп сөйлеген еді.


Айта кетейік, Қазақстанда шет мемлекеттердің аумағында әскери іс-қимылдарға қатысқандар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар