Украина соғысы басталған сәттен бастап сарапшылар «Ресей агрессиясы қалай жалғасады» деген сұрақ аясында пікір таластыруда. Сарапшылар Кремль Украинаны жылдам бағындырып, жаулап алған сәтте, агрессиясын өзге елдерге бағыттайтынына сенімді болды. Ресей Украинаға соғыс ашпас бұрын Грузия, Молдова сынды елдердің аумақтық тұтастығына қол салған-ды.
Ресейлік сарапшы, саясаттанушы Валерий Соловейдің айтуынша Кремль Украинадан кейін Молдова, Грузия, Армения, Қазақстан және Балтық елдерін жұтып алуды жоспарлаған.
Ол туралы саясаттанушы «BILD на русском» арнасына берген сұхбатында айтты. «Олардың жоспары өте қарапайым еді. Украинаны толық Ресеймен интеграцияға түсіру болатын. Путин дәл солай боларына сенді. Украина Ресей Федерациясымен бірігуі тиіс деп санады. Ол Беларусь елімен жасалып жатқан одақтас ел форматында іске асуы қажет деді. Путин Украина ресми тәуелсіз, бейресми толық Ресейге тәуелді болуы қажет деді. Осылайша Мәскеу Киевті жылдам соққы жасап, дегеніне көндірем дем санады. Бірақ онысы іске аспады», — дейді сарапшы.
Ол Ресей Украинаны жылдам жаулап алған сәтте, Ресейдің қандай қадамға баратынын айтты. «Ресей Украинамен тоқтап қалмасы анық еді. Жоспар үлкен болатын. Молдованы бір күннің ішінде бағындыру жоспары болды. Артынша Батыстың реакциясына қарап, ішкі ресурсты бағамдап, қоғамның көңіл-күйін өлшеп әрекет ету ойластырылды. Жоспарда Кавказдағы Грузия мен Армения болды. Әзербайжанға соқтығу жоспары болмады. Ал Қазақстан олардың жоспарында бар-тұғын. Сосын Балтық елдерін де қаперде ұстаймыз деп ойластырды. Бірақ Украина оларды тоқтата білді», — дейді саясаттанушы.
Mezgil.kz