Кеше Путин Петербург экономикалық форумында сөз сөйледі. Әлемнің 130-дан астам елінен қатысушы делегация өкілдері келген форумда экономикаға қатысы жоқ тақырыптарды да қозғады. Украинаға жасаған агрессиясын ақтап алып, Батысты және Киевті кінәлі етіп көрсетуге тырысты. Зеленскийге қатысты да пікір айтты. Путин былай деді: “Ол еврей емес, еврей халқын масқаралап жүрген біреу”.
Путиннің бұл сөзіне әлемнің беткеұстар еврейлері жауап қатуда. Украина раввині Моше Ассман былай депті: “Соғыс басталған сәтте, өміріне шынайы қауіп төнгенін білсе де халқын тастап кетпеген Украина президентін мақтан тұтамын. Ол нағыз батырлық танытты және өз халқын қорғауды жалғастыруда. Мен және Украинадағы барлық еврейлер, күллі азат әлем жұрты оны қолдайды”.
Путинге Израильде министр қызметін атқарған танымал жазушы Натан Щаранский де жауап қатты. “Біз, еврейлер, өз ұлтымыздың өкілі тарихи рөлдегі тұлға екенін мақтанып айтамыз” дейді.
Путиннің сөзіне өзге еврейлер де қарсылық білдіруде. Ал Киев “Израиль Ресейге ресми түрде қарсы жауап айтуы керек” деп санайды.
Соңғы уақытта Ресейдің Иранмен жақындығы Израильді ойландыруда. “Осы уақытқа дейін Украинаға тек қана гуманитарлық көмек көрсетіп келген Израиль алдағы уақытта қару-жарақ беруі де ықтимал” дейді сарапшылар.
Mezgil.kz