Беларусь басшысы Лукашенко Қазақстанның премьер-министрінің орынбасары, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы саяси, экономика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Әдеттегідей Лукашенко сөз басын әлемдегі қауіпті тенденциялар, геосаяси қақтығыстар жайлы айтудан бастады. «Біз бүгін Беларусь пен Қазақстан арасындағы қарым - қатынас өте жоғары деңгейде екенін айта аламыз, әрине әлі де дамытып, алға ұмтылар тұстарымыз бар», - деді Лукашенко.
Лукашенконың айтуынша Қазақстандағы басқару институттары мен қоғамды трансформациялау үдерісін Минск бақылап отырған көрінеді. «Қажетті тұсын түртіп алып отырмыз» дейді ол. «Қазақстан тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін, қорғанысын нығайтып жатыр, бұл өте дұрыс бағыт» депті Лукашенко.
Ол сонымен бірге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы мен бірінші президент Нұрсұлтан Әбішұлына ыстық сәлемдемесін жолдады. Беларусь пен Қазақстанның қарым-қатынасы бірқатар интеграциялық құрылымдардың, әсіресе ҰҚШҰ мен ЕАЭО-ның өзара іс-қимылының іргетасы болып табылатынын атап өтті.
Оның сөзінше: «Бүгінде Қазақстан, Ресей, Беларусь әлемнің тартылыс орталығы болатын елдерге айналуда». Лукашенко әлемде нацизм қайта бас көтеріп жатқанын, мемлекеттер арасындағы байланысты күшейту керектігін де айтты.
Mezgil.kz