Қазақстан: Путиншіл Дубцоваға да дәс-дәс дейміз!

Қазақстанда шілдеде жоспарлаған концерті өтпей қалған Лепстен кейін тағы бір путиншіл әртіс Қонаевқа ән кешін беруге келе жатыр екен. Ол Ресейдің Украинаға салған қан-қасабын қолдап, ән шырқап жүрген – Ирина Дубцова.


1687508665350086.jpg


Әлеуметтік желіде азаматтар Лепске қарсы болғандай, «Z» әртіс – Дубцованың келуіне де наразылық білдіріп жатыр.


«Бұларды кім шақырып жүр?», «Концерт өтпесін», «Біз қарсымыз», «Украинадағы соғысты қолдайтын әртістер келмесін» деген пікірлер жазылуда.


Қазір сайттарда Дубцованың концертінің афишасы тұр, бірақ билет сатып алу функциясы істемейді.


Айта кетейік, 2023 жылы 18 сәуірде Кремль бұлбұлы Мәскеуде әскерилерді қызметке алу кезінде оларды қолдайтынын білдірген.


«Мен мұнда әйел ретінде, ана ретінде, ұлы еліміздің азаматы ретінде сіздерді қолдауға келіп тұрмын. Жолымда кездескен бәріңізді құшақтап, қолыңыздан алдым. Сіздерді мақтан тұтамыз, біз жеңіске жететінімізге сенеміз», - деді ол.


Сондай-ақ, ол биылғы 12 маусымда Омбы қаласында Ресей күніне арнап «Біз үшін» деген жаңа әнін орындады.


Ән мәтінінде «Ресей үшін, біз үшін, сол соғыста қорғаған ұлы күш үшін» деген сөздер кездеседі.


Еске салсақ, таяуда «Украинаның танкісін жойған әр адамға 1 млн рубльден берем» деп уәде еткен ресейлік әнші, соғыс насихатшысы Григорий Лепстің Қонаев қаласында өтетін концерті азаматтардың қарсылығынан кейін өтпейтін болған. Содан кейін оның директоры: «Қазақстан нағыз русофоб ел, біздің сендерге күніміз қарап қалған жоқ, енді дұшпан елге аттап баспаспыз» деген еді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар